10 Қараша 2026, 10:41 Фото: pexels.com

Атырау мен Алматыда композиттік газ баллондарын шығаратын зауыт ашылуы мүмкін

Көкшетауда 500 газ баллоны өндірілді. Енді Атырау мен Алматыда композиттік баллон шығару мәселесі қарастырылып жатыр.

Жеке тұрғын үйлер мен қоғамдық тамақтану орындарында тұрмыстық газ баллондарын пайдалану өрт пен жарылыс қаупін тудыратын факторлардың бірі болып отыр. Осыған байланысты Қазақстанда газ баллондарын есепке алу, техникалық жағдайын бақылау және ескіргендерін кезең-кезеңімен ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, газ баллондарын пайдалану, сақтау және толтыру талаптарын бұзу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан әкімдіктер жанындағы газ-техникалық инспекциялардың бақылауын күшейту қажет.

Жеке тұрғын үй секторында және қоғамдық тамақтану орындарында тұрмыстық газ баллондарын пайдалану тәуекел факторларының бірі болып қала береді. Оларды пайдалану, сақтау және толтыру талаптарын бұзу өрттер мен жарылыстардың туындау қаупін арттырады, – деді Мұрат Мұханов.

Министр қазіргі уақытта Көкшетау қаласында болат газ баллондарын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрғанын айтты. Бүгінге дейін кәсіпорында 500 дана баллон өндірілген.

Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Атырау мен Алматы қалаларында композиттік газ баллондарын өндіру мәселесін пысықтап жатыр.

Энергетика министрлігі газ баллондарын таңбалау және есепке алу жүйесін енгізу мәселесін қарастыруда. Бұл олардың айналымы мен техникалық жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді, – деді министр.

Сонымен қатар ескірген газ баллондарын кезең-кезеңімен пайдаланудан шығарып, орнына жаңасын беру тетігін әзірлеу қажеттігі айтылды.

Мұрат Мұхановтың сөзінше, бұл мәселені тек жаңа баллон өндіру арқылы шешу жеткіліксіз. Оларды есепке алу, техникалық жағдайын тұрақты бақылау және уақтылы ауыстыру тетіктері қатар іске асырылуы керек.

Осыған байланысты министр газ-техникалық инспекциялардың бақылауын күшейтіп, газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігіне қатысты кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда жылыту маусымында болатын өрттердің 55 пайыздан астамы тұрғын үй секторында, соның ішінде жеке үйлерде тіркеледі. Өрттің негізгі себептері – электр құралдары мен пештерді орнату және пайдалану талаптарын бұзу, сондай-ақ отты абайсыз қолдану. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлерін ерекше бақылауға алып отыр.