Атырау гарнизонында әскери барлаушылардың оқу-жаттығуы басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысында барлау бөлімшелерінің тактикалық-арнайы оқу-жаттығулары өтуде. Оған 500-ге жуық әскери қызметші мен 80 жауынгерлік техника жұмылдырылды.
Тәжірибелік іс-қимылдар, гарнизондағы әскери бөлімдердің бірін жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруден басталды. Бөлімшелер тағайындалған ауданға марш жасап, барлау-іздестіру іс-қимылдарын жүргізуге кірісті.
Жауынгерлік жағдайға жақын жағдайларда барлау-іздестіру жасақтарын ауыстыру әуе тәсілімен, жоғары өтімді автомобиль техникасымен және жүзу құралдарын қолданумен жүзеге асырылды, – дейді бөлім командирі, подполковник Есболат Нұрекешев.
Сценарий бойынша жеке құрам, шартты қарсыластың диверсиялық-барлау топтарының қозғалу бағыттарындағы барлау-торуыл әрекеттерін көрсетеді. Әскери қызметшілер ұшқышсыз ұшу аппараттарын, сондай-ақ, армия авиациясының Ми-8 тікұшақтарын қолдану арқылы міндеттерді орындауда.
Оқу-жаттығу аяқталғанға дейін әрбір әскери қызметші салмағы 20 келіге жуық киім-кешекпен 50 шақырымнан астам қашықтықты бағындыруы тиіс. Оқу полигоны ауданында жоғары шаңдану және ауа температурасының төмендеуі міндеттерді орындауды біршама қиындатады.
Барлау бөлімшелерінің тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес өткізіліп, оқытудың негізгі және неғұрлым тиімді нысаны болып табылатынын айтып өту қажет.