Атыраулық шаруаларға 3 млрд-тан астам қаржылай қолдау көрсетілген
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 80,1 млрд теңгені құрапты. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау және мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру бағытында 900 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, 342 шаруашылық субсидияланған.
Аймақтағы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны 29 шаруа қожалығына ұлғайған. Сонымен қатар өткен жылы облыс бойынша 53,1 мың тонна ет, 61,9 мың тонна сүт, 120,0 млн дана жұмыртқа өндірілген.
Облысқа қарасты Құрманғазы ауданындағы "Бұйырғын" ауыл шаруашылығы кооперативінің бройлер етін өндіру кәсіпорны толық қуатында жұмыс жасауға көшеді екен. Сондай-ақ, Махамбет ауданындағы "Мекен Чикен" 5 000 тонналық бройлер етін өндіру жобасын ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып, бұл екі жоба толық қуатында жұмыс жасаған кезде облыстағы құс етіне деген сұранысты толық қамтылмақ. Оған қоса, биыл Атырау қаласында 1 500 бас ірі қараны бордақылау алаңы іске қосылатын болады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, жергілікті шаруагерлерге өткен жылы мемлекеттен 3 млрд теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетіліпті.
Жалпы облыс бойынша 8 түрлі субсидия беріліп жатыр. Оның ішінде шетелдік, отандық мал басының аналығын сатып алғанда, одан кейін малдың өнімдеріне, яғни өткізілген етке, сүтке, қымызға, шұбатқа, жұмыртқаға беріледі. Биыл облыста шалғайда мал бағатын 400-ден астам шаруашылықтарға күн панелімен жарықтандыратын құрылғылар сатып алынып берілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында азық-түлік тауарларын арзан бағамен сататын сауда орындарын ашу, етпен қамту мақсатында мал басы санын көбейтіп, бордақылау алаңдарын құру, облыста егіс алқабының көлемін арттыру, дайын өнімді сақтау үшін көкөніс сақтау қоймаларын салу жұмыстарын қолға алу керек. "Сыбаға" бағдарламасы аясында ірі қара және қой малдарын сатып алу жұмыстары, асыл тұқымды мал басын көбейту жұмыстары жалғасады, - дейді облыстық ауыл шаруашлығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаев.
Қайрат Нұрлыбаевтың сөзінше, ауыл шаруашылығындағы басты мәселе жұмысшылардың жоқтығы. Бұл салаға жастардың қызығушылығы төмен, сондай ақ еңбекақысы аз болғандықтан шаруагерлер қызметшіден тапшылық көруде. Оған қоса, Атырау шөл және шөлейтті аймақ болғандықтан мал азығын дайындау қиын. Бұрын мал азығының 50%-ын субсидиялауға көмек берілетін болса, соңғы жылдары мұны алып тастаған.