Атырауда тағы бір стационарлық бекет ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен Жайық өзені жағалауындағы Жастар саябағында алтыншы стационарлық бекет ашылды.
Атырау облысы Полиция департаменті бастығы Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, модульдік типтегі стационарлық бекеттер қаланың адамдар көп шоғырланатын жерлерінде орналасқан. Қазір бес бекет тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері модульді стационарлық бекеттердің кезекші қызметкерлеріне түрлі мәселелер бойынша бес жүзге жуық азамат жүгінген.
Полиция департаменті басшысы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке облыс бойынша модульдік үлгідегі тағы да 19 бекетті орнату жоспарланғанын айтты. Оның 10-ы Атырау қаласында, қалғандары жеті аудан орталықтарында ашылады.
Жалпы, қабылданған шаралар нәтижесінде, облыс көлемінде барлық бағыттардағы, соның ішінде қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтар саны екі есеге төмендеп, жалпы қылмыстық құқықбұзушылықтардың ашылу көрсеткіші жақсарды,-деді полиция департаменті бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Оның сөзінше, облыс әкімдігінің қолдауымен 2020 жылға жоспарланған 34 учаскелік полиция пункттерінің, бүгінгі күні 28-і іске қосылды. Құқық бұзушылыққа жедел ден қою, аумақтың тұрғындары үшін учаскелік инспекторы үнемі қол жетімді болу мақсатында, салынған учаскелік полиция бекеттерінің 22-сі тұрғын үймен біріктірілген.
Бүгінде облыс аумағында 92 учаскелік полиция пункттері қызмет атқарады, олардың 27-сі облыс орталығында орналасқан. Қосымша алты тағы учаскелік полиция пункттерін ашу қарастырылуда.
Облыс бойынша учаскелік полиция инспекторларының штат саны 232 бірлікті, оған қоса көмекшілері 71 бірлікті құрап отыр. Олардың барлығы 100% заманауи техникамен: портативті бейнетіркеуіштермен, радиостанциялармен және планшеттермен қамтамасыз етілген.