«Атырау барысы» анықталды
Атыраудағы «Нұрсая» спорт кешенінде «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарыс басталар алдында 15 балуан арасында жеребе тартылды.
Оның ішінде 7 ауданнан 13, Атырау қаласынан 2 балуан бар. Олар 92 келіден жоғары салмақта бақ сынады.
Балуандар арасында қазақ күресі танымал бола бастады. Бірақ, ұпай санымен алда тұрған балуан бір секундта ұтылып қалуы мүмкін. Өйткені, бұл спорттың осындай ерекшелігі бар, - дейді аға жаттықтырушы Айбек Серғазиев.
Бала кезінен қазақ күресін серік еткен балуанның бірі – Бекбол Мұқашев.
Қазақ күресімен 6 жасымнан шұғылданамын. Жекпе-жек спортының бәрі ұнайтын. Соның ішінде қазақ күресін таңдадым, - дейді Бекбол Мұқашев.
Ал, 27 жастағы Арман Қалиев биылғы іріктеу жарысқа төртінші рет қатысты. Әсіресе, дзюдодан спорт шебері Әділет Сапарғалиевпен белдесуі тартысты өтті.
Жартылай финалдағы белдесу оңай болмады. Әділет – қазақ күресін мықты меңгерген балуан. Дзюдодан Қазақстан чемпионы атанған. Бұл күресте самбошылар, дзюдошылар және басқа да жекпе-жек түрлерінің өкілдері бақ сынап жүр. Бірақ, мен жеңілмеу үшін намысқа тырыстым, - дейді Арман Қалиев.
Қарсыласының бәрін ұтқан Арман Қалиев «Атырау барысы» атанды. Оған үздік балуан атағымен бірге 500 мың теңгенің сертификаты берілді.
Екінші орынның жүлдесі – 300 мың теңгені Қызылқоға ауданынан қатысқан Бекбол Мұқашев иеленді. Ал, үшінші орын мен 200 мың теңгені Жылыой ауданының балуаны Бекзат Шағатаев жеңіп алды.