Атырау балығына сұраныс көп

 Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау балығына ішкі нарықта сұраныс көбейген. Өңірдегі балық шаруашылықтары өнімдерін шетелге де экспорттайды. 

Былтыр Ресей Федерациясы, Украина, Әзірбайжан, Израиль, Грузия, Өзбекстан және Румыния елдеріне 9 мыңнан астам балық экспортталған. Ал биыл ақпан-наурыз айларында мыңнан астам тоннасы Ресей, Әзірбайжан, Израиль елдеріне жөнелтілген. 

Біздің балығымызға шетелден сұраныс көп. Сондай-ақ, қазір өз нарығымызда да өнімдеріміз өтімді болып тұр. 2021 жылы 9019 тонна балық және балық өнімдері экспортталды. Атырау балығы шетелге ғана емес, еліміздегі Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Орал қалаларында да сатылды. Ауа рай қолайлы болса, сәуір-мамыр айларында 11-12 мың тонна балық ауланады деп жоспарлап отырмыз,- дейді Атырау облысы балық шаруашылғы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы. 

 Балық шаруашылығы саласы  үш бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бірінші бағыт балық өндіру, яғни аулау, екіншісі тауарлы балық өсіру, үшіншісі балық қорларын қорғау және өсімін молайту. Осы бағыттар бойынша биыл мемлекет тарапынан қолдаулар күшейтілген. Соған сай жеке және заңды тұлғалардың балық өсіруге құлшынысы артқан. Жаңадан шаруашылықтар да ашылып жатыр екен. Сондай-ақ, Атырау облысында 2021-2025 жылдарға арналған  9 балық өсіру жобасын іске асыру жоспарланған. Қазір сала мамандары әр жоба бойынша жеке жұмыстар жүргізіп жатыр. Басқармадағылар балық шаруашылығына кедергі болып тұрған өзекті мәселелерді де айтты. 

Өңіріміз балық аулауға, өсіруге өте қолайлы. Дегенмен мәселелеріміз де бар. Кедергі жасап тұрған  Жайық пен Қиғаш өзендеріндегі су деңгейінің түсіп кеткені, яғни Теңізге өтетін тұстары  таяздап кетті. Бұл тұстарындағы  су деңгейі 45-60 сантиметрді құрайды. Осыдан кейін  балық аулаумен айналысатын шаруашылықтардың кемелері көктемгі және күзді маусымдарда теңізге өте алмай жатады. Салдарынан үлкен шығынға тап болады. Осы мәселелерді ескере отырып, ғылыми зерттеу институттармен бірлесіп ауқымды жұмыстар жасалып жатыр.Алдағы уақытта теңізге шығатын тұстарды тереңдету жұмыстары атқарылады,-дейді басқарма басшысы.

 Сонымен қатар, балық қорын молайту бойынша «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру» зауыты және  «Атырау бекіре балық өсіру» зауыты 8 миллионға жуық, ал «Ақтау балық» ЖШС-і мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 1 млн 100 мың дана бекіре тұқымдас балықтарының шабақтарын Жайыққа жіберді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы