Атырау әуежайында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифт бар

Атырау, BAQ.KZ тілшісі.Атырау халықаралық әуежайында арбаға таңылған жандар үшін жаңа амбулифт техникасы сатып алынды. Енді мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды ұшақтың ішіне дейін осы құрылғымен жеткізетін болады. 

Техниканың бір жарым метрден бастап алты метр биіктікке дейін көтерілетін мүмкіндігі бар және кез-келген ұшаққа ыңғайлы етіп жасалынған. Жеделсаты «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бастамасымен алынған. Ал оған қажетті 50 млн теңгеге жуық қаржыны «АТМА – Атырау әуежайы және Тасымалдау» акционерлік қоғамы бөлген. 


"Бұл – Атырау қаласына келіп жатқан арнайы техника. Ресей еліндегі көлік зауыттарының бірінде жасалған. Енді осы жеделсатымен ұшаққа бір уақытта мүмкіндігі шектеулі үш адамды мінгізе аламыз. Әрине, оларға міндетті түрде көмекші мамандар көмек көрсетеді. Бұрын мүгедек жандарды жоғары көтеріп мінгізу қиынға соғатын. Жалпы, бұл амбулифт мың келіге дейінгі салмақты көтере алады», - дейді «Атырау» ӘКК» басқармасы департаментінің басқарушы директоры Нұрлан Қаппазов.

Бұған дейін әуежай қызметкерлері арбаға таңылған жандарды ұшаққа өздері көтеріп кіргізетін. Енді мұндай қолайсыздық жойылады деген үмітте.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы