Атырау-Астрахань тас жолының құрылысы мамырда басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Бүгінде 60 шақырым жерді қайта қалпына келтіру жұмыстары республикалық бюджеттен қаржыландырылуда. 

Қазіргі таңда дайындық және мобилизация жұмыстары жүргізілуде. 

"Қазір құрал-жабдықтарды дайындау, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл айда біз айналма жолдың құрылысын бастауымыз керек. Жұмысқа алынған жұмысшылар саны – 106 адам. Олардың 56-сы Құрманғазы ауданынан",- деді «Сине Мидас Строй «БК»» компаниясының жоба жетекшісі Алтай Қамысбаев. 

Қазіргі таңда жобаға 30-дан аса техника жұмылдырылған. 

"Жолды төсеу жұмыстарын мамыр айынан бастаймыз. Нысанның өзінде бетон өнімдері зауытын, топырақ араластыратын зауыт салуды жоспарлап отырмыз және болашақта қуаттылығы 2,5 мың тонна болатын асфальтбетон зауытын салу жоспарда бар",- деп атап өтті Алтай Қамысбаев. 

Кестеге сәйкес, Атырау-Астрахань тас жолының 60 шақырымдық құрылысы 2 жылға жоспарланған. Ағымдағы жылы 23 шақырымын аяқтау жоспарланып отыр. Жұмыстың барлық кезеңі бойынша облыстың 150-ге жуық тұрғынын жұмыспен қамту көзделіп отыр. 
Облыс әкімі құрылысшылардың тұрмыс жағдайымен танысты, зауыт құрылысы аймағына барып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

"Бұл жолдың құрылысы Елбасының Атырау облысына жасаған сапары кезінде жеке тапсырмасы арқылы қолдау тапты. Құрылыстың барлық бағыты жергілікті атқарушы органдардың бақылауында болады. Жұмысшылар уақтылы жалақы алады, өмір сүру үшін барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіледі, құрылыс қауіпсіздік техникасына сәйкес болуы керек. Мәселелер мен үзілістер болмауы керек", - деді Нұрлан Ноғаев.

Қалған 217 шақырым жолды қалпына келтіру және дамыту Еуропалық банк есебіне жоспарланған. Қазіргі таңда мердігерді анықтау үшін байқау шаралары жүруде.





















































Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы