Атырауға шетелдегі студенттер оралып жатыр

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Польшада оқып жатқан атыраулық және маңғыстаулық 33 студент елге оралды.

Оларды Атырау халықаралық әуежайынан туған-туыстары мен жергілікті басшылар күтіп алды. Олар әуелі Варшавадан Қарағандыға жеткізілген. Сол жерден алынған сараптама нәтижесі студенттердің коронавирус инфекциясын жұқтырмағанын көрсеткен. Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, аймақ басшысының тапсырмасымен Қарағандыдағы атыраулық жастарды өңірге әкелу мәселесі бойынша ТШО компаниясының басшылығымен жиын өткізіліп, онда аталған компанияның ұшағын пайдалану туралы екі тарап келісімге келген.


Шетелде жүрген балаларымыз үшін біраз алаңдадық. Әлемді жайлаған індет бәрімізді әбігерге салды. Ата-аналардың атынан Атырау облысының әкімдігіне балаларымызды аман-есен жеткізгендіктері үшін үлкен рахметімді айтамын. 23 наурыз күні Варшавадан Қарағандыға келген балалар үйге қалай келеді деп уайымдап отыр едік. Енді, міне, бәріміз қауышып, үйге кетіп барамыз, - дейді Атырау қаласының тұрғыны Татьяна Мохначева.

Компанияның ұшағы бүгін Қарағандыдан Орал қаласына тағы да 19 батысқазақстандық және ақтөбелік 7 студентті жеткізеді. Олардың барлығы да 14 күн бойы үй карантинінде болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы