Атымызды Еуропада шығардық деп ойлаймын - Асхат Тағыберген
Футболдан ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген жарақат алып, Еуро-2024 іріктеу ойындарында маңызды матчтарға қатыса алмай қалған еді. Ұлттық құрама Словенияға жол беріп, 2-1 есебімен жеңіліп қалған болатын. BAQ.KZ тілшісі команда капитаны Асхат Тағыбергеннің алаңға қашан оралатынын сұрап, Еуро-2024 ойыны жайлы пікірін біліп, сұхбаттасқан еді.
Жарақат алып қалған кезде күйзеліске түсетін сәттер болатын шығар. Күйзелістен қалай шығасыз?
Мұндай жарақат алғанға үйреніп қалғанбыз. Жанұям, бала-шағам бар. Соларға көңіл бөлемін. Күйзелістен солай арыламын. Астана-Арена стадионында Сан-Мариноны қабылдаған кезде 30 мың адам айқайлап тұрған кезде алаңға неге шықпадым екен деп ойлайсың. Шамалы өкінесің. Бұл - өмір. Жарақат та, жеңіс те, жеңіліс те болады.
Еуропалақ командалардың Қазақстан футболына көзқарасы өзгерді ме, қалай ойлайсыз?
Қазір 180 градусқа өзгерді деп ойлаймын. Басында бізге еуропалық командалар менсінбей, дайындалмайтын. Тіпті кейбір сұхбаттарында 3 ұпайымыз бар деп бізбен ойнамай жатып айтатын. Қазір ондай емес. Словенияның өзі Даниямен ойында өзінің ең мықты деген ойыншыларын алып қалған. Біздің ойынға шығару үшін. Өзіміздің атымызды Еуропада шығардық деп ойлаймын.
Ұлттық құрама жанкүйерлер үшін ерекше үміт сыйлады. Осы деңгейді сақтап қалу үшін не істеу керек?
Еңбек ету керек. Бұл кезеңді уақытша кезең деп айта алмаймын. Білгенімізді жастарға үйретіп, ал ол жастар біздің жолымызды жалғастырса, дұрыс бағытта жүретін болса барлығы жақсы болады. Соған тырысамыз.
Ұлттар лигасы жайлы айта кетсеңіз?
Жарақаттан жақын арада жазыламын. Енді сол ойынға дайындаламын. Бұл ойында қарсылас Грекия құрамасы. Қарсыластың аты қарсылас. Тек дайындық керек. Дәл қазір біз үшін Европада «авторитет» жоқ, бәріне тең қараймыз.
Сұхбат бергеніңізге рахмет!