Атты тур. Алғашқы күн

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 21 маусым. 4 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Нұр-Сұлтан-Баянауыл атты туры бастау алды. Бұған дейін әуесқойлар арасында ғана өтіп келген турды биыл ҚР Мәднеиет және спорт министрлігі қолдап отыр.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастырған атты турға «QazaqGeography» РҚБ-да басты серіктес болды.

«Киелі Қазақстан» деп аталатын бұл сапардың жетекшісі Берік Ақылбеков.

«Осыдан 5 жыл бұрын әуесқойлар клубы құрылды. Біз жиналып Қазақстанның көрікті жерлеріне саяхат жасаймыз. Елдің табиғаты әрқилы, әрбір аймақтың өзіне тән қайталанбас сұлулығы бар. Біз негізінен Сарыарқаны аралаймыз. Атты шеру алдымен Бұйратау мемлекеттік ұлттық саябағына барады. Одан кейін Баянауылға аялдап, еңсеретін соңғы нүкте Жасыбай көлінде тұйықталады», - дейді ол.

Бүгінгі сапар Ақмола облысының аумағында өтеді. Нақтырақ айтсақ «Балқарағай» демалыс орнынан басталған сапар Тышқанкөлді жағалап, Қостомар, Бұлақсай өңірлерін басып өтіп, Кеңалқапта (Веренка) түнемеге жетуіміз керек.

Аттанар алдында Зайролла Дүйсенбеков қатысушыларға ақ батасын беріп, ақ жол тіледі.

Ал атты турға қатысушылар атынан Берік Ақылбеков ақсақалдың иығына шапан жауып, ізгі тілегіне алғыс айтты.

Біз атқа қонғанда күн түске таяп қалған еді. Сыдырта аяңмен бүгіндікке 45 шақырым жолды басып өтуге бел будық.

Көшбасшы – Берік Ақылбеков;

жолбасшы – Ержан Жаубай;

экспедиция қонағы – Дуглас Ларсон (АҚШ, Чикаго);

ең жас мүше – Алар Ақылбеков.

Экспедиция мүшелері – Серік Есжанов балуан, Жасұлан Әбелдинов әнші, тарихшы, Дмитрий Ругис фотограф, Ерлан Құсайынов видеооператор, Райд Хейнояд атшы (16 жаста) және Ержан Кәкімбаев атбегі.

Сонымен, «Киелі Қазақстан» экспедициясының атты турында атқа мінген 10 жігіт ат маңдайын шығысқа бағыттап, үзеңгіге аяқ артты.

Күн ыстық, дегенмен тың ат үшін 45 шақырым деген «әй» дейтін жер ғой. Кеңалқапқа жетем дегенше әжептәуір абыржитын түріміз бар. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дегендей, бізді де Құдай тегін жаратпаған екен. Түнемелге 20 шақырымдай қалғанда алдымыздан жылқышының қара қосы кездесті. Алғашқы күн болған соң ба, шаршаңқырып келе жатқан кейбіріміз, әкеміздің үйін көргендей болдық.

Осы қостан су ішіп, бір-бір жармақ малтаны ұртымызға бастық та, жол бағытын түзеп алып, жылжып кеттік.

Кешкі сағат 18-де Айғыржал өзенінің бір сұғымындағы қоналқаға да жеттік. Бізден бұрын келген автоэкспедиция мүшелері шатыр тігіп, ас дайындап қойыпты. Түскі ас пен кешкі асты бірге іштік.

Аттарды жайғастырып, дала қосында Жасұланның әнін тыңдап, көңіл сергітіп, ертеңгі сапардың қалай боларын ақылдастық.


21-29 маусым аралығында өткен "Киелі Қазақстан" экспедициясының күнделік-барысын атпен жүрген уақытта интернет желісінің және байланыстың нашарлығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласына жетіп алған соң беріп жатқаным үшін журналист ретінде оқырмандарымнан кешірім сұраймын. Дегенмен, сапар барысын толықтай оқитын боласыздар (автор).

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы