Атты тур мүшелері оқушыларға сыйлық жасады

Жасыбай, BAQ.KZ тілшісі. «Киелі Қазақстан» экспедициясын атпен жүріп өткен азаматтар Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында жаңадан ашылған «Балдәурен» сауықтыру орталығында болды.

Атты турдың жетекшісі Берік Ақылбеков сауықтыру орнында демалып жатқан балаларға арнап арнайы сыйлықтар ала келуді ұмытпады.

Торайғыр ауылындағы мектеп жанынан ашылған бұл лагерге әр ауысымда 140 бапладан 4 ауысыммен ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жартылай жетім балалар келіп демалады.

Негізінен Баянауыл ауданына қарасты мектептерден келетін балалар үшін тамаша табиғат аясында, ерекше қамқорлықта демалу айрықша ұнайды.

«Осында келгеніме көп болған жоқ. Жақсы достар таптым. Бүгін ағаларымыз келіп сыйлық жасады. Маған осы сырғанақ ұнады. Енді достарыммен бірге ойнайтын боламын. Бізге бұл жерде өте жақсы жағдай жасалған" - дейді сауықтыру лагерінде демалушылардың бірі.

Торайғыр ауылындағы сауықтыру лагеріне бізбен бірге Баянауыл ауданының әкімі Оразкелді Қайыргелдинов те барды.

«Сендер біздің болашағымызсыңдар. Біз барлығын да сендер үшін деп жасап келеміз. Қазір орталарыңа сонау Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы атпен келген ағаларың келді. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған атқа міну мәдениетін насихаттау мақсатында оншақты күн атпен жүргеніне қарамастан, сендерді көріп, құттықтап кету үшін арнайы келіп отыр» - деді аудан әкімі балаларға атты тур мүшелерін таныстырып.

Берік Ақылбековтің қолынан сыйлық алып, онымен лагер ауласында асыр сала ойнаған жеткіншектердің көңілі шат.

Тіпті лагердегі демалушылар арасынан шағын концерт ұйымдастырып, ән салып, би билегендер, Баянның әйгілі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдерін жатқа оқыған оқушылар болды.

Біз Жасыбай жағасына оралғанда Ержан атбегі мен Жасұлан тарихшы аттарды арнайы көлікке тиеп, қайтуға қамданып жатыр екен. 10 күннен артық жанымызға серік болған жануарларды тиеп беріп біз де Нұр-Сұлтанға қарай жолға шықтық.

Естеріңізге сала кетейік 21-29 маусым аралығында өткен атты турдың күнделігі: Алғашқы күннің қорытындысы мен екінші күннің қызықтарын және үшінші күн мен төртінші күнніңбесінші күн мен алтыншы күннің, сондай-ақ жетінші күннің жолжазбасын осы жерден оқыңыздар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы