Атты тур. Нұр-Сұлтаннан Қорғалжынға дейін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жылдың жазғы-күзгі атты тур маусымы аяқталды. Естеріңізде болса, бұған дейін маусым айының соңында Нұр-Сұлтан - Баянауыл бағытына 500 шақырымдық атты тур жасалған болатын.
Қазақстан Рсепубликасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ және AT-TRAVEL.KZ клубының қолдауымен ұйымдастырылған Нұр-Сұлтан - Қорғалжын бағытындағы екі күндік сапар аяқталды.
Бұған дейін тек әуесқойлардың басқосуымен өтіп келген атты тур биылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр. Сонымен қатар, Елбасының "Атқа міну мәдениетін" дамыту мақсатында "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ-ның "Киелі Қазақстан" көпкүндік экспедициясының аясында өтті.
Сапардың ойдағыдай өтуіне аттарды дайындап, қоналқаны белгілеп, ұйымдастыру ісіне жетекшілік еткен AT-TRAVEL.KZ клубының жетекшісі Берік Ақылбеков болды.
Екі күндік сапарға тоғыз жігіт қатысты. Бір атты қосарға алып, тоғыз атқа тақымы тиген жігіттер ең әуелі Нұра өзенінен алдын ала белгіленген өткелден өтті.
Сарыарқаның сайын даласы көз алдымызда керіліп жатыр. Көңіл тоқтатып, көз сүріндірер бұдыр жоқ.
Атты турға қатысушы үшін ең әуелі не керегін бұған дейін жазғанбыз. Дегенмен, Арқаның ұшы-қиырсыз даласында өте төзімді, аса сабырлы болғаныңыз да абзал. Себебі ұлан даланы, сағым ойнаған сары даланы көрген сәтте, "бұл дала қашан таусылады, қалай жүріп өтемін" деген уайыммен-ақ өз-өзіңізді шаршатып алуыңыз мүмкін. Ол үшін өзара қызықты әңгіме айтып, жер-су атауларының шығу тарихына үңіліп, тіпті болмағанда жұмбақ жасырып ойнаған жақсырақ.
Сонымен Нұра өзенінен бір кезде "Еңбекші" ауылы атанған, қазір жұртында 2-3-ақ үйі бар сағадан өттік. Еңбекшінің жұртында отырған Айжарқын ағамыз бұл өткелді бала кезінен білетінін айтады.
"Тіпті, бір кезде Нұраның бойында диірмен орнатып, ұн тартқан түбектің орны әлі де бар, диірменнің тастары жатыр сонда", - дейді Айжарқын аға.
Нұраның Нұр-Сұлтан жағы ойлы-шұңқыр, қалың дамбы-бөгет болса, арғы беті тегіс жазық екен. Айтпақшы, осы тегіс жазықта бағдардан жаңылу ең оңайы. "Жазық жерде адам адаса ма?" деп жымиып отырғаныңыз белгілі, оқушым. Иә, тау іші, орман алқабы емес, жазықта бағдардан жаңылу оп-оңай. Әрине, адасып, айдалаға кетіп қалмайтыныңыз анық, дегенмен діттеген жеріңізден ауа түсіп, жол ұзартып аларыңыз анық.
Бізге "Қазақстандағы жабайы табиғатты сақтау" қоғамдық қорының президенті Орынбасар Шаймұханбетовтың көмегі тиді. Маусымдағы сапарда бір күн жолдас болған Орекең, осы жолы толық қатысты. Орынбасар ағамызда көнетоз бағдаршы (навигатор) бар екен. Біз түскі ас ішеміз деген Шалқар ауылын сол бағдаршы арқылы межеледік.
Нұраның жазығы бітіп берместей. Оң жақ қапталда Ақмол, Сабынды, Отаутүскен, Жалаңаш, Оразақ, сол жақ қапталда Қаратомар, Мәншүк және Жалғызқұдық өлкелері жатты.
Түскі ас ішуге межелеген Шалқар ауылына оншақты шақырым қалғанда қопаға тап болдық. Ат салып өтпекке жасаған әрекетімізден ештеңе шықпады. Видео-оператор Дамир дрон көтеріп, өткел іздеуге кірісті. Ал негізгі жолбасшы Сәтбек ағамыз маңайды бір шолып шықпақ болды. Дамирдің дроны көтерілгенше, Сәтбек аға сәл төменнен шұбырған жылқының ізін тапты. Барлығымыз сол жерден өттік.
Орынбасар Шаймұханбетов ағамыз алда тағы бір қопалы көлдің кездесетінін ескертті. Біз не де болса, жете көруге бел буып, алға жылжыдық.
Біз тірелген – Ұзынқамыс көлі екен. Екі шеті 200 метрден астам жалпақ көл. Айналып өтуге 10-12 шақырым жол жүру керек. Жағалап өткел іздедік. Жағасын атты кісі көрінбес қамыс басқан қопалы көлден өткел таба қою да екіталай. Бір тұста көл ортасы айдынданып, жағасы қамыссыз жалаңаштана қалды. Бергі жағадан көлге тірелген жол бар, арғы жағада көлден шығып жатқан да іздер байқалады.
Сәтбек ағамыз Бурылды қамшымен бір тартты да, көлге түсіп кетті. Артынан Сұлусарымен біз де түстік. Әуелі ат бауырынан келген. Жүрген сайын тереңдеп, тоқымға жетті. Мынадай жалпақ судан өтіп шығу үшін біраз жүйке керегін түсіндік.
Аман-есен арғы жағаға өтіп шықтық. Сапарлас жігіттер біраз қауқылдасып қалдық, жол бойындағы бір белестен асқандай. "От пен су – тілсіз жау" дейтін қазағымыздың даналығы ойға оралды.
Алда Шалқар ауылы, түстік. Одан ары 10-15 шақырымда бүгінгі күннің межесі – Кеңбидайық ауылы. Сонда жетіп, ат белін суытамыз деп жоспарлағанбыз.
Осы орайда атты турға қатысқан жігіттерді таныстыра отырайын, Шалқарға дейін жол қысқарсын.
Топ жетекшісі Берік Ақылбеков екенін басында айттық. Ол кісі денсаулығына байланысты атпен емес, машинамен жүрді бұл жолы. Ал одан кейінгі топ басшымыз – Мүкин Сәтбек, "Қазақстандағы жабайы табиғатты сақтау" қоғамдық қорының президенті Орынбасар Шаймұханбетов, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қ.И. Сәтпаев ауылы Шадыра мектебінің директоры Төлеген Ахаев, Баянауыл ҰТП қызметкері, кәнігі шабандоз Бақытжан Жүнісов, атбегі, кәсіпкер Ержан Кәкімбаев, видео-оператор Ерлан Құсайынов, атбегі, кәсіпкер Таңжарық Керімқұлов, фотограф Дамир Әубәкіров және осы жолдардың авторы – Ержан Жаубай.
Шалқарға да жеттік. Даладағы түскі ас – ең дәмді тағам. Ол мейлі құр қара шәй болса да.
Алда 20 шақырымнан кейін Кеңбидайық ауылы. Бүгін сонда қонамыз.
Кеңбидайық халқы хан көтеріп қарсы алды. Ауыл әкімі, мектеп директоры, қарапайым халық, тап бір алыстан ат арытып туған ағайыны келгендей құрақ ұшып, әнін айтып, дастарханын жайып күтті.
Аттарды жайғастырып, кешкі астан соң Кеңбидайық орта мектебінің құрама командасы мен AT-TRAVEL.KZ клубының жігіттері арасында волейболдан жолдастық кездесу өтті. Жеңіс жергілікті жастардың қанжығасында қалды.
Ертеңгі жоспар бойынша Кеңбидайық ауылынан шыққан соң Тіке Ұялыға бағыт алып, Нұраны кесіп өтпек болғанбыз. Алайда ауыл әкімі Балғабай Иманов бұл өңірде Нұрадан өтетін өткел жоғын ескертті. Олай болса, біздің жолымыз тағы да 20 шақырымға ұзарды деген сөз. Енді Бес Шалқарды айналып, Арықты ауылының тұсынан Садырбайды басып өтіп, Хасен құрықпен өтеміз. Демек, ертерек демалып, ертең ерте тұру керек. Жігіттер бірден жатып қалды. Біз шопыр Қапкенмен бірге ат күзетуге атқораға тарттық.