Атты тур алдағы жылы да жалғасын табуы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін екі кезеңнен тұрып, еліміздің 4 облысын қамтыған «Киелі Қазақстан» экспедициясы толығымен аяқталды.
Екі бөлімнен тұрған экспедицияның алғашқы бағыты 21-29-маусым аралығында Сарыарқа бойымен жүзеге асты. Нұр-Сұлтан қаласынан шыққан топ Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Бұйратау, Баянауыл ұлттық парктерін жүріп өтті. Салт аттылар тәулігіне 50-60 шақырымды еңсеріп отырды.
Экспедицияның толық жүріп өткен жолдары: Нұр-Сұлтан қ. –Қарағайлы археологиялық кешені – Соколиные горы (Бұйратау ҰТП) – Едіге би кесенесі – Алғабас а. – Белодымовский кордон, Қараағаш (БұйратауҰТП ) – Әлкей Марғұлан а. – Қарабұлақ а. – Мұса Шорманұлы а. – Бұқар Жырау кесенесі – Жаңатілек а.– Жаяу Мұса кесенесі –Баянауыл а.– Жасыбай көлі, С.Торайғыров кесенесі, Қоңыр әулие (Баянауыл ҰТП) – Нұр-Сұлтан
Ал екінші бағыт Алматы облысы бойынша жүзеге асып, 1-шілдеде басталды. 25 салт аттыдан құралған топ 12 күнде 150 шақырымды атпен, 850 шақырымды көлікпен жүріп өтті. Қатысушылар Алматы облысының өзендері мен тауларын, шатқалдары мен асуларын бағындырды.
Қатысушылар Алматы облысының өзендері мен тауларын, шатқалдары мен асуларынан, атап айтқанда, Ыссық, Аюлы сарқырамасы, Түрген өзені, Шыңтүрген шыршалары, Қайрақ сарқырамасы, Ой-Қарағай шатқалы сияқты бағдарлармен өтті. Экспедициялық топ Дон-Жайлау шатқалы, Ассы үстірті, Қара-Арша шатқалы мен Аманжол шатқалы мен асуына жаңа салт атты бағдарларға жол ашты. Экспедицияның соңғы нүктесі бүгін Қайыңды өзені болды.
Экспедиция бағдары келесі нысандарды қамтыды: Алматы қ. – «Ыссық»тарихи-мәдени қорық мұражайы – Аюлы сарқырамасы – Түрген өзені – Шыңтүргеннің қыналы шыршалары – Қайрақ сарқырамасы – Ой-Қарағай шатқалы – Дон-Жайлау шатқалы – Ассы үстірті – Асы обсерваториясы – Қара-Арша шатқалы – Қызылауыз асуы – Жіңішке өзені – Аманжол үстірті – Шелек өзені – Бірінші Көлсай көлі – Екінші Көлсай көлі – Қайыңды көлі – Алматы.
"Экспедиция мақсаты — атқа міну мәдениетін насихаттап, Қазақстанда атты туризмді дамыту. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы атқа міну мәдениетін жаңғыртуға елеулі үлес қосады"- дейді экцпедиция жетекшісі Нұржан Алғашев.
Шара ҚР мәдениет және спорт министрлігіне қарасты туризм индустриясы Комитетінің бастауымен жүзеге асты. Ұйымдастырушысы - «Kazakh Tourism» ҰК, Сарыарқа бағыты бойынша маршрутты жасап және экспедицияны өткізген - «QazaqGeography» РҚБ.
" Бұған дейін Берік Ақылбеков есімді азаматтың бастамасымен әуесқой турлар ұйымдастырылып келген. Өткен жыл астанамыздың 20 жылдығына орай қала әкімдігі қолдау көрсеткен. Биыл өздеріңіз көріп отырғандай, Мәдениет және спорт министрлігі ынта білдірді. Алла бұйырса бұл сапар алдағы жылы да жалғасын табады деген ойдамыз. Егер жақсы қолдау көрсетілсе келер жылғы сапарды ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнаймыз деп отырмыз"- дейді экспедиция мүшесі, Argymaq.kz порталының бас редакторы Ержан Жаубай.
Оның айтуына қарағанда бұл турдың негізгі мақсаты еліміздің ішкі туризмін дамытуға үлес қосу және халықаралық атты туризм федерациясының құрамына кіру болып отыр.
"Осы мақсатта қолға алынып жатқан жұмыстар көп. Ең әуелі атты турға қатысушыларды тіркеу, салт аттылардың формасын халықаралық стандартқа сай жасау, т.б. қатарлы шаруалар қолға алынды. Бұл бастамасы болғандықтан, атқаратын шаруа көп" - дейді ол.