Атты патруль өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі
Ертіс өңіріндегі атты патруль жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Ерекшелігі сол, тәртіп сақшылары өрт қауіпсіздігі кезеңінде төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, атты патрульдің саяжай учаскелерінде кезекшілік етуі тиімділігін берген. Өйткені, жылқыға отырған тәртіп сақшысы көлік жүре алмайтын жерлерді аралауға қауқарлы. Рейдтік шаралар әдетте қоғамдық тәртіпті сақтау, ұрлықтың алдын алу бойынша жүргізіледі. Биыл әр патрульдің құрамында төтенше жағдайлар қызметкері болады.
Өткен жылдары саяжай учаскелерінде екі адамнан тұратын алты топ жұмыс істесе, биыл олардың саны екі есе артты.
Әр топтың құрамында екі қызметкер бар. Бірі – тәртіп сақшысы, екіншісі – өрт сөндіруші. Бірлескен топ өрттерді алдын алу бойынша рейдтік шараларды жүргізеді. Сонымен қатар тұрақты мекенжайы жоқ азаматтар мен құрғақ шөпті жағумен айналысатын адамдарды анықтайды. Мамандар иесіз жатқан құрылыс нысандары немесе құрылысы тоқтап қалған объектілерді де түгендейді. Рейдтік және бақылау жұмыстары өрт оқиғалары жиі тіркелетін Ертіс өзенінің жайылымдық аумақтарында да жүргізіледі. Бұл іске алдағы уақытта еріктілер жасақтары да кіріседі. Белсенділер өрт қауіпсіздігі ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, - дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Айта кетейік, облыста саяжай аумақтарында өрт тыйылмай тұр. Осы күнге дейін қызыл жалын 106 учаскені шарпыды. Мамандар қоқыс жағып, өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар екенін еске салады. Атмосфералық ауаны қорғау талаптарын орындамау мен қоқыс жағу кезінде ережені бұзған тұлғалар 500 АЕК-ке дейін айыппұл арқалауы мүмкін.