Аттракциондарда жарақат алған балалар: Сенаторлар шұғыл шаралар қабылдауды талап етті
Қазақстанда балалар аттракциондарында төтенше жағдайлар жиілеп кетті. Балалар ақаулы карусельдер мен бақылаудың болмауынан жарақат алуда. Сенатор Нүрия Ниязова үкіметтен заңнаманы жедел өзгертіп, қауіпсіздікке қатал ережелер енгізуді талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың жазы оннан астам отбасы үшін трагедияға айналды. Алматыда 11 жастағы қыз ақаулы "Вальс" аттракционында ауыр бас ми жарақатын алды. Ақтауда екі бала сынықпен ауруханаға түсті, ал Saya Park сауда орталығында балалардың біріне сәндік конструкция құлады. Ақтөбеде ойын паркінде қолы жараланған баланың анасы үндеу жариялады.
Бұл оқиғалардың әрқайсысы тек кездейсоқтық емес, жүйелік мәселелердің белгісі. Қазіргі заңнама қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз етпейді. Техникалық регламент тек 2017 жылдан кейін шығарылған аттракциондарға ғана қатысты, – деді сенатор Нүрия Ниязова премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалда.
Көп жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан ескі аттракциондар үшін міндетті талаптар жоқ. Біртұтас цифрлық тіркеу жүйесі жоқ, есепке алу рәсімдері белгіленбеген, жөндеу және қызмет көрсету стандарттары жоқ. Тіпті персонал да міндетті аттестациядан өтпей жұмыс істейді.
Сенаттың жұмыс тобы аттракциондар мен алаңдарды пайдалану үшін бірыңғай ережелер әзірлеу, уәкілетті органды бекіту, иелерді сақтандыруды енгізу, цифрлық тіркеу жүйесін құру және бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту бойынша ұсыныстар пакетін дайындады.
Бұл шаралар Мемлекет басшысы белгілеген мемлекеттік саясаттың басымдықтарына толық сәйкес келеді: құқықтық тәртіпті нығайту, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, процестерді цифрландыру. Мемлекеттік органдарға 2025–2027 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын тез арада әзірлеу және сәйкес ережелерді бекіту қажет. Тек осылай ғана біз трагедияның қайталануына жол бермей, балаларымызға қауіпсіз балалық шақ қамтамасыз ете аламыз, – деді Нүрия Ниязова.
Еске салайық, 23 тамызда Ақтөбеде аттракцион бүлдіршіннің саусағын жұлып кетті. Қобда ауданы Жарық ауылының тұрғыны, бес жастағы Аяла сол күні бауырларымен қалаға келіп, аттракционға барған. Қасында әжесі болыпты. "Жұлдызша" әткеншегіне мінбек болған баланың қолын темір шынжыр тартып кеткен
Сондай-ақ, 2025 жылғы 24 тамызда Ақтауда 3 жастағы баланың үстіне 50 келілік аттракцион бөлігі құлады. Баланың анасы Айгүл Бисембаеваның айтуынша, ауыр конструкция ешқандай бекітусіз тұрған және ол электр қалқанын (электрощит) жасырмақ болған. Сыртынан жұмсақ матамен қапталғанымен, ішінде көлемді темір блок болған.