Бүгiн 2026, 14:28 Фото: ©BAQ.KZ архиві/жасанды интеллект

Аттестация жеңілдейді: Мұғалімдер нақты нені білуі керек?

Жұлдыз Сүлейменова тест, мақала жазу және артық ашық сабақ өткізу талаптары қысқартылғанын айтты.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметте өткен брифингте мұғалімдердің аттестациясына қойылатын бірқатар талаптың алынып тасталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда педагогтер үшін мақала жазу міндетті талап емес.

Жаңа тәртіпке сәйкес мақала жазу талабы мүлдем жоқ. Бұдан бөлек, әдістемелік бағдарламалар, оқу құралдары және авторлық бағдарламалар жазу бойынша бұрын болған талаптар да алынып тасталды, – деді министр.

Сонымен қатар мұғалімдердің ашық сабақ өткізуіне қатысты талаптар да жеңілдетілген.

Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, бұған дейін педагогтерден жылына шамамен 25 ашық сабақ өткізу талап етілсе, қазір бұл көрсеткіш 3-4 сабаққа дейін қысқартылған.

Енді мұғалімнің қалай сабақ беретініне басымдық беріледі. Барлық мұғалім күнделікті сабақ өткізеді. Оны арнайы “ашық сабақ” деп бөлудің қажеті жоқ, – деді ол.

Министр педагогтерге арналған тест жүйесіне қатысты да пікір білдірді.

Оның айтуынша, биыл ақпан айында қосымша білім беру педагогтері тест тапсырған кезде мұғалімдердің шамамен 80 пайызы алғашқы кезеңнен өте алмаған.

Олардың арасында 10-20 жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі педагогтер де болған.

Педагогтердің барлығы тест сұрақтары олардың функционалдық міндетіне сәйкес келмейтінін айтты. Бастапқыда бұл білім сапасына қатысты мәселе ретінде қаралды. Бірақ кейін тест сұрақтарын талдау барысында мұғалімдерге артық жүктеме түсіретін сұрақтар бар екені анықталды, – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрлігінің басты мақсаты – мұғалімдерге шығармашылықпен жұмыс істеуге және сапалы сабақ беруге мүмкіндік жасау екенін атап өтті.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда тест жүйесі алынып тасталған. Сонымен қатар авторлық және әдістемелік бағдарламаларға қатысты артық талаптар да қысқартылған.

83-бұйрық бойынша пилоттық жоба енгізілгеннен кейін көптеген сұрақ өз шешімін тапты. Бастапқыда түсінбеушілік болды, бірақ қазір мұғалімдердің көбі бұл өзгерістерді қолдап отыр, – деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, аттестациялық тесттен өте алмаған мұғалімдерге екінші мүмкіндік беріледі.

Тағы оқи отырыңыз: Жаңа министр, жаңа өзгеріс: Бұл оқу жылы несімен есте қалды?