Бүгiн 2026, 15:12 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Аттестация: Мұғалімдерден не талап етілмейтіні нақты айтылды

Аттестаттаудан эссе мен ғылыми мақала талабы алынып тасталды.

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова педагогтерді аттестаттауға қойылатын талаптар жеңілдетілгенін мәлімдеді. Енді мұғалімдерден эссе жазу мен ғылыми мақала жариялау талап етілмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вице-министр аттестаттау жүйесіндегі өзгерістерді таныстырды.

Оның айтуынша, жаңа талаптарға сәйкес педагогтер үшін бірқатар қосымша міндет алынып тасталған. Атап айтқанда, енді:

  • эссе жазу;
  • ғылыми мақалалар жариялау;
  • авторлық бағдарлама әзірлеу;
  • оқу-әдістемелік материалдар дайындау міндетті талаптар қатарынан шығарылды.

Бұл шешім педагог қызметін қосымша құжаттардың санына емес, оның нақты жұмыс нәтижесіне қарай бағалауға бағытталған. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай материалдар оқу процесінде тұрақты қолданылмайды және білім сапасына нақты әсер етпейді, – деді Шынар Ақпарова.

Вице-министрдің сөзінше, бұған дейін мұғалімдердің уақыты мен күші қосымша материалдар әзірлеуге жұмсалып, бұл оқу процесінің тиімділігіне кері әсер етуі мүмкін болған.

Аттестаттау толық цифрландырылады

Сонымен қатар аттестаттау жүйесін жаңартудың маңызды бағыты – процесті толық цифрландыру.

Барлық біліктілік санаты бойынша аттестаттау ақпараттық жүйелермен интеграцияланған “Ұстаз” платформасы арқылы жүзеге асырылады, – деді вице-министр.

Жаңа платформада педагогке қатысты негізгі мәліметтер автоматты түрде жинақталады. Атап айтқанда, еңбек өтілі, біліктілігі, кәсіби жетістіктері, сертификаттары және өзге де портфолио деректері жүйеленеді.

Министрлік мәліметінше, бұл:

  • құжат айналымын қысқартады;
  • аттестаттау рәсімдерінің ашықтығын арттырады;
  • мұғалімдердің уақытын үнемдейді.

Нәтижесінде педагогтер есеп беруге емес, оқыту сапасын арттыруға көбірек көңіл бөле алады.

Бұған дейін Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова аттестаттау өзгеретінін, мұғалімдер енді тест тапсырмайтынын хабарладық.