Соңғы қоңырау, аттестат табыстау және балабақшаларға қатысты нақты ақпарат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова соңғы қоңырау іс-шарасы, аттестат табыстау және балабақшалардың жұмысына қатысты түсініктеме берді.
25 мамырда сағат 11.00-де телеарналар арқылы ҚР білім және ғылым министрі Астхат Аймағамбетов түлектерді құттықтайды. Сонымен қатар, сол күні барлық мектептерде мүмкіндігінше ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің, мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн түрде соңғы қоңырау өткізіледі.25 мамырда 1-10 сыныптарға онлайн түрде соңғы қоңырау болады. 3 маусымда мектеп бітіруші түлектерге аттестат табыстау рәсімі мектеп ауласында өткізіледі. Ал балабақшалар қазіргідей "кезекші топ" режимінде жұмысын жалғастырады, - дейді Нұр-Сұлтан қалалық басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.
Оның айтуынша, 3 маусым күні барлық мектептерде 11 сынып түлектері үшін аттестат пен "Алтын белгіні" тапсыру рәсімі ұйымдастырылады.
18 мамырдан бастап меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдар санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, өз жұмыстарын бірінші кезекте баланы үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ, жұмыс істейтін ата-аналар үшін, ата-аналардың қалауы бойынша "кезекші топтар" режимінде қайта бастады.Іс-шара мектеп аумағында, ашық аспан астында өткізіледі. Мектеп бітірушілердің мектеп формасымен қатысуы қатаң түрде ескертіледі. Салтанатты рәсімнен кейін "Түлектер аллеясында" ағаш отырғызу жоспарлануда. Бітіру іс-шараларын өткізу күндері мектеп әкімшілігіне құқық бұзушылыққа жол бермеу, санитарлық және эпидемияға қарсы режимді қатаң сақтау шаралары жүктелді,- дейді Шолпан Қадырова.
Айта кетейік, елордада жалпы контингенті 55 708 баланы құрайтын, түрлі типтегі 377 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде: мемлекеттік – 94, жекеменшік – 237, олардың 214-де мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған, 43 шағын орталық, 3 ведомстволық мекеме бар. Орта білім беру ұйымдарының мектепалды топтарында 3 485 бала оқиды.