АТР Nur-Sultan Challanger басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық теннис орталығында осымен үшінші рет қатарынан өткізіліп отырған АТР Nur-Sultan Challanger ресми түрде ашылды.
6 қазанға дейін елордалық көрермендер 20-дан астам елден келген 70 спортшы рейтингтегі ұпайын асыру үшін бақ сынайды.
«Елімізде өте маңызды жарыс. Себебі АТР Nur-Sultan Challanger елордада осымен үшінші рет өтіп жатыр. Сондықтан 20-дан астам мемлекеттен келген 70 мықты теннисші қатысып жатыр. Ойыншыларымыздың арасында жүздікке кіргендер де бар. Ивашко, Сербиядан Троицкий, Данской, Франциядан келген Корантин Мутэ бар. Өзіміздің теннисшілерден Александр Недовесов, Дмитрий Попко, Денис Евсеев, өсіп келе жатқан Бейбіт Жукаев бар. Сондықтан бұл жарыс ойыншыларымызға үлкен тәжірибе, мықты спортшылармен жарысады. Бапкерлерге де өте маңызды. Ең маңызды жарыстардың алдында құрама командамызды зерттеуге мүмкіндік береді. Себебі алдымызда Мадрид қаласында Девис кубогі болады. Сондықтан бізге жақсылап дайындалу керек», - деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев.
Айтуынша, турнир жарысқа келген спортшылардың әлемдік рейтингтегі ұпайына әсер етеді.
«Бұл жарыстың ерекшілігі – ішкі залда, төсеніші хард. Қазір Азия сериясы басталды. Көптеген Азия мемлекетінде үлкен жарыстар өтіп жатыр. Шанхай, Ухань, Бейжің, Токио қалаларында. Сондықтан география бойынша Азия сериясына жатамыз. Спортшыларымыздың дайындығы жақсы. АТР челленджер 80 ұпай береді. Сол себепті Бублик пен Кукушкин қатыспай отыр. Олар 60 және 57 орында тұрғандықтан, үздік жүздікке кіреді. Қазір өте жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Олар мұндай жарыстардан шығып кеткен. Өсіп келе жатқан жас спортшыларға мүмкіндік. Турнирдің қаржы көлемі 54 мың АҚШ долларын құрайды. Дегенмен мұнда қаржы емес, турнирден алатын ұпайдың спортшы үшін маңызы зор. Ойыншылар ұпай жинап, ендігі жылғы Australian Open-ге шығуға мүмкіндік деуге болады. Жас спортшылар ұпай жинап, рейтингке кіру керек», - деді Диас Досқараев.
Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, ЮНИСЕФ ұлттық ізгі ниет елшісі Динара Сәдуақасова спортшыларымызды қолдау үшін арнайы келген.
«Бізде елордамызда осындай турнир өтіп жатқанына қуаныштымын. Себебі бұл теннисті, жалпы спортты насихаттайды. Шахмат пен теннисте стратегияның маңызы зор. Алдағы іс-әрекетті, жүрісті, ойын барысында алдын ала жоспарлау керек. Турнир сеткасымен әлі толық танысқан жоқпын. Бірақ өзіміздің спортшыларымызға сәттілік тілеймін және оларға жанкүйер боламын», - деді Динара Сәдуақасова.
Сонымен қатар, спортсүйер жанкүйерлер, тенниспен шұғылданып жүрген балалар, ел спортшыларын қолдаушылар апта бойы теннис ойынын тамашай алады.
«Жанкүйерлерге де үлкен мүмкіндік. Тамаша ойынды осы апта бойы келіп тамашалауға болады. Жасөспірім балаларға маңызды. Ұлттық теннис орталығында мыңнан астам бала жаттығады, тенниске келеді», - деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев.