Қазақстандық атлет Әлем чемпионатында рекорд орнатты

Астана, BAQ.KZ. Қазақстандық спортшы Сайхан Тайсуев жастар арасындағы әлем біріншілігі-2019 жарысында үздік ауыратлет атанды.

Vesti.kz. сайтының жазуына қарағанда, АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тағы бір спортшы жеңімпаз атанды. 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайхан Тайсуев чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты. 

Жұлқа көтеруде 127 келіні, серпе көтеруде 161 келіні еңсерген Тайсуев қоссайыс қорытындысы бойынша 288 келіні бағындырды. Бұл өз қатарластары арасында әлем чемпионы атану үшін жеткілікті көрсеткіш еді. Сонымен қатар, Сайхан Тайсуев серпе және жұлқа көтеруден кіші алтын жүлдені де өз еншісінде қалдырды. Қазақстандық зілтемірші серпе көтеруден жасөспірімдер арасындағы әлем рекордына да түзету енгізді. 

Қыздар арасында үздік ауыратлет атағын Өзбекстаннан келген Кумушхон Файзуллаева иеленді, ол 64 келі салмақ дәрежесіне дейін өнер көрсетіп, рекорд жаңартты. 

Жалпы есепте Қазақстан бес медаль еншілеп, жеңіске жетті.

Жалпы есеп:

1. Қазақстан - 5-0-0;

2. Өзбекстан - 2-3-1;

3. Вьетнам - 2-0-1.

Бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның қоржынына алтынды Ақмолда Сайрамкез (61 келіге дейінгі салмақ), Сайхан Тайсуев (67 келіге дейінгі салмақ) пен Сәпи Есенгелді (81 келіге дейінгі салмақ) әкелген болатын.

Ауыр атлетикадан Лас-Вегаста өтіп жатқан әлем чемпионаты 15 наурызда аяқталды. Бұл чемпионатта 50 елден 13-17 жас аралығындағы екі жүзден аса спортшы қатысты. Қазақстанның атынан бес спортшы өнер көрсетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы