Атбасарда су тасқынынан зардап шеккендерге 500 пәтер салынады
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Келер жылдан бастап Атбасарда су басу қаупі зор аумақтарда тұратын отбасылар үшін 100 пәтерлік бес үйдің құрылысы басталады.
Осылайша, 2021 жылы бұл аумақта су тасқынынан келер қауіп болмайды деп болжанып отыр. Қазіргі уақытта Атбасарда 2014 және 2017 жылдары көктемгі су тасқыны орын алған аумақта 500 үй бар. Олардың барлығы Жабай өзенінің жағалауына жақын орналасқан.
«2020 жылы 100 пәтерлік бес үйдің құрылысына бюджеттік өтінім беріліп, мақұлданды. Мұнда қауіпті «қызыл» аймақта тұрып жатқан отбасылар көшіріледі. Қазіргі уақытта жер телімдері мен инженерлік желілердің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда», - дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.
2020 жылы көпқабатты үйлер құрылысына қаражат бөлінбекші.
«Келер жылы құрылысқа 4 миллиард 800 милион теңге бөлінеді деп күтілуде. Сондай-ақ, 1 милиардқа жуық қаражат жол, жылу, су құбырлары, жарықтандыру, байланыс сияқты инженерлік желілерге бағытталмақ. Барлығы 6 миллиард теңге қаражат жұмсалатын болады», - дейді Аманбек Қалжанов.
Оның айтуынша, құрылыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қаржыландыру екі жылға бөлінген. Қауіпті аймақта орналасқан тұрғындар 2021 жылы толық көшірілетін болады. Атбасарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін шағын аудан – 45 пәтерлік 11 үй салынды. Былтыр сегіз үй, биыл үш үй пайдалануға берілді. Қауіпті аймақта көктемгі су тасқынының алдын алдын алу мақсатында бірқатар шара қолға алынған.
«Елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін 60 шақырым аумақта нығайту жұмыстарын жүргізу жобасы жасалды. Бұл мақсатқа 57 миллион теңге қарастырылып отыр. Алдағы уақытта нақты іс-шаралар жүргізу үшін 800 миллион теңге қаражат бөлінеді. 2021 жылы Атбасарда тасқыннан келер қауіп болмайды», - дейді Аманбек Қалжанов.