Атаулы әлеуметтік көмекті көп алатын өңір белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов атаулы әлеуметтік көмекті көп алатын өңірлерді атады.

Оның айтуынша, 2020 жылы АӘК-тің жалпы сомасы 65,6 млрд теңге болды. Оның 57,5 млрд теңгесі республикалық бюджет есебінен қаралса, 8,1 млрд теңгесі жергілікті бюджет есебінен жүргізілді. 

Биылғы мамырдағы жағдай бойынша 111,4 мыңға жуық отбасы немесе 571,1 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алды. Оның ішінде 85 300-ге жуық отбасы шартты түрде алса, 26 100-ден аса шартсыз атаулы әлеуметтік көмек алды. Осы жылдың төрт айында төленген АӘК сомасы 18,8 млрд теңге болды, - деп айтты Асқар Ниязов.

Ол АӘК-тің ең көп алатын өңірлерге тоқталды.

Өңірлік бөліністе былтырдың қорытындысы бойынша АӘК алушылардың ең көп бөлігі Шымкент қаласында – 47,2 мың отбасы (23,8%), Түркістан облысында – 42,9 мың отбасы (21,7%) және Алматы облысында – 22,6 мың отбасы (11,4%) байқалады, - дейді департамент директоры ОКҚ-да.

Ал АӘК алушылар саны ең аз өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы - 2,7 мың отбасы (1,3%) және Атырау облысы – 1,6 мың отбасы (0,8%).

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы