Атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтажға берілу керек – сарапшы
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмекті нағыз мұқтаж жандарға берілу керек екенін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы орайда, әлеуметтік төлемдердің әділ бөлінуі жайлы ЭЗИ орталығының сарапшысы Нұрболат Құрметұлының пікірін білдік.
Оның айтуынша, АӘК беруде бірақтар олқылықтар бар.
Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыларға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы 598 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліпті. АӘК негізгі мақсатына келер болсақ, ол ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығуға бағытталған. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек көрсетуде бірқатар олқылықтар болып отыр. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент осы мәселені жайдан-жай қозғаған жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің барысын және қарастырылған тетіктерін талдау барысында бұл бағытта біраз жұмыс атқарылуы керек екені анықталып отыр.
Нұрболат Құрметұлы, негізгі мәселелерді қозғап, өз ұсыныстарын да жеткізді.
Негізгі мәселелер жайында айтатын болсақ, мұқтаж жандар арасында атаулы әлеуметтік көмек туралы хабардар болуының нашар екендігі байқалады. АӘК тағайындау және қағидалар мен тоқтатылған процедуралардың күрделілігіне байланысты көптеген мұқтаж отбасылар әлеуметтік қолдау бағдарламаларына қатыса алмай отыр. Өйткені өзінің әлеуметтік әлсіз топқа жататындығын дәлелдеу үшін сансыз тексерістерден өтеді. Бірнеше құжат жинауға мәжбүр болады. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында халықтың табысын бағалау, тексеру тетіктерінің пысықталмағандығынан жеңіл табысқа ие болуды көздейтін адамдардың АӘК-ға ілініп, тұрақты түрде алып отыру туралы фактілер де тіркелуде. Нәтижесінде үкімет тарапынан беріліп жатқан АӘК-ны нақты мұқтаждарға жетпей жеңіл табысқа ие болғысы келетін адамдардың да қалтасында кетіп қалып жатыр, - деді ол.
Маманның айтуынша, осы қалыптасқан жағдайды түзету мақсатында маман ретінде келесі өзгерістерді енгізу қажет:
Біріншіден, АӘК тапсырушылардың материалдық ахуалын анықтау тәсілдерін жетілдіру қажет. Көмек шын мұқтаждарға берілу керек. Екіншіден, АӘК тағайындау барысындағы бюрократиялық процестерді қысқарту қажет. Бұған бақылауды күшейту, ӘК бағдарламаларын цифрландыру және өзара үйлестіру арқылы қол жеткізуге болады. Үшіншіден, құзыретті органдар халықтың әлсіз топтарымен жұмысты күшейту арқылы олардың мемлекет тарапынан жасалып, беріліп жатқан көмектер туралы хабардар болуын арттыру қажет. Төртіншіден, қазіргі уақытта тоқтатылған АӘК тағайындау үшін орнатылған табыс шегі өте төмен және қазіргі уақытқа сәйкес келмей отыр, - дейді Нұрболат Құрметұлы.