Шымкентте жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беруді бастады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте сәуір айына жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беру басталды. Бүгін қалада барлығы 6 мыңға жуық отбасының есепшотына жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қаржысы түсті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова хабарлады.

 Бүгінгі күнге дейін E-халық базасына 14 мың отбасының өтініші тіркеліпті.

«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті сәуір айынан төлеу басталды. Қазір 14 мың отбасының өтінішін тіркедік. 14 мыңның 6 мыңға жуығы сәуір айына аударылды. Күнделікті келгенін келгендей тіркеп, тіркегеннен кейін төлеу жұмыстарына кірісіп жатырмыз. Бүгінгі таңда сіздің өтініштеріңіз өте көп болғандықтан, жұмыста барлық қызметкерлер үлгере алмайды. Осыған да түсінікпен қараңыздар. Құжаттар дайын болуына сәйкес, күнделікті қаржы аударылып отырады. Өтінішіңізге сәйкес, бәріңіз де ақшаңызды аласыздар», - деді Гүлжан Құрманбекова.

Әкім орынбасарының сөзінше, қазір ел арасындағы «қаржы таусылып қалады екен, ақша болмайды екен» деген сөздерге сеніп, уайымдап, орталыққа келетін әйел кісілер бар екен.

«Қаржы жетеді. Өтініш тапсырсаңыз, мамыр айында қаржыларыңыз толық аударылады. Әр айға сізге тағайындалған әлеуметтік көмек төленеді. Осы атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырған аналарға айтар өтінішім, ешқандай ажиотаж жасамай, уайымдамаңыздар. Сіздердің өтініштер құжаттарыңыз базаға тіркеліп, сәуір айының әлеуметтік көмегін жаңа форматта төлеу басталды. «Қаржы таусылады, қаржы жоқ екен» деген уайым болмасын. Егер сіз сәуірде өтініш тапсырсаңыз, сіз сәуір айынан әлеуметтік көмекті аласыз», - деді Гүлжан Құрманбекова.

Қазір атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсырған отбасылардың үйіне арнайы комиссия барып, тексеріп жатыр. Өтініш тапсырушы көп болғандықтан да, комиссия барлығына бірдей барып үлгірмейді. Міне, сондықтан да комиссия барып, көріп, шешім қабылдауына қарай, қаржылай әлеуметтік көмек аударылады екен.

«Міне, сондықтан да «аудан әкімдігіндегі комиссия тексермеді, енді мен аламай қаламын ба» деген уайым болмасын. Комиссия үлгіре алмай жатыр. Комиссия көріп, келгенін келгендей шешімімен қаржы аударылып жатыр. «Комиссия келмеді, мен ақшамды ала алмай қаламын ба» деп қорықпаңыздар. Сіздің өтініш бізге түсті, соған сай заңға сәйкес әлеуметтік көмек қаржыңызды ай сайын аласыздар. Сәуір айын төлеп біткен соң, мамыр айын бастаймыз. Қаржы жеткілікті», - деді ол.

Әкім орынбасарының сөзінше, құжат қабылдау жалғаса береді. Қабылданған өтініштерге сәйкес, төлем ай сайын жасалады.

Айта кетсек, мұның алдын Шымкентте АӘК құжаттарын 7 орталықта қабылдап жатқанын жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы