Ататүрік ескерткіші – түрік халқының қуанышы
Алматыда Түркияның тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты жиында «Түрксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев Қазақстанға деген өз ризашылығын білдірді.
Алматы қаласында ашылған ескерткіш – түркі халқының қуанышы. Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Түрік мемлекетінің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішінің салтанатты ашылуы – үлкен мәртебе. Есерткіштің жол, мәдени, саяси мәнісі бар. Түркі халықтарының жиынында сөйлеген сөзінде Мұстафа Кемал Ататүрік қазақ халқына деген ықыласын білдірген еді. Ол өз сөзінде «Орта Азияда бір туған қазақ елі, өзбек, түркімен елі бар. Олар – біздің бауырларымыз» деп атап айтқан болатын. Түркі елдері тәуелсіздік алғанда, ең алғаш Түркия мойындап, қолдау білдірген еді. Екіншіден, бұл ескерткіш – Мұстафа Кемал Ататүрікке деген құрмет. Ескерткіш – екі елдің арасындағы руханият саласындағы тығыз байланыстың, шынайы бауырластықтың белгісі, сондай-ақ, бауырлас түрік жұртының ықыласы, – деді «Түрксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.
Ол сондай-ақ «Түріксой» ұйымының түркі дүниесінің мәдениетін, әдебиетін, тарихын насихаттауда белсене араласып келе жатқанын атып өті.
«Түріксой» ұйымын құрудың да негізгі бастамашысы Қазақстан болғаны баршаға белгілі. Түркі дүниесінің мәдениетін, әдебиетін, тарихын насихаттауды басты мақсатына айналдырған ұйым осы бағытта тынбай жұмыс істеп келеді. Түркі дүниесінің түп қазығы тіліміз бен мәдениетімізде екенін ескерсек, бұл мақсаттың халықтар арасында айрықша орын алары түсінікті. Жалпы, қарап отырсаңыз, мемлекеттер арасында мәдени интеграция, тығыз байланыс жоқтың қасы, қандай ақын-жазушы не жазып жатыр, қандай фильмдер жарыққа шықты, тарихқа қатысты қандай тың дүниелер бар – оны біле бермейміз. Ал «Түріксой» ұйымының осындай мәдени интеграциясы арқылы талай жақсы шығармалар жарыққа шығып, шет тілдеріне аударылып, әлем назарына ұсынылып жатыр. Мәдениет арқылы ел мен елді жақындастыру, тамырлас, бауырлас халықтардың өткенін зерттеп, бүгінін бағамдау, ортақ ірі мақсаттарға жұмылдыру – біздің негізгі мұратымыздың бірі, – деді халықаралық ұйымның бас хатшысы.