Қатар COVID-19-бен күресу үшін медициналық қорғаныс құралдарын жіберді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін "Qatar Airways" әуекомпаниясының арнайы рейсімен Дохадан Нұр-Сұлтанға гуманитарлық көмек келді.


Қатар әмірі мәртебелі әмір Шейх Тамим бен Хамад әл-Танидің тапсырмасын орындау мақсатында бүгін "Qatar Airways" әуе компаниясының чартерлік рейсі гуманитарлық көмекпен келді. Бұл көмек Қазақстан үкіметіне коронавирустық инфекцияны жеңуге көмектеседі деп үміттенеміз. Гуманитарлық көмектің жалпы көлемі - 9 тоннаға жуық. Мұнда жеке қорғану құралдары бар, жоғары сапалы N95 респираторлы медициналық маска, арнайы киім, қолғап, көзілдірік, халат және өзге де медициналық құралдар бар, - деді Қатардың Қазақстан Республикасындағы елшісі Абдулазиз бен Сұлтан Джасем Маджид Әл-Румейхи.



Ол Қатар мемлекеті көптеген елдерге гуманитарлық көмек көрсеткенін атап өтті.  







ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқаштың айтуынша, гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген жүкте дәрі-дәрмек пен препараттар жоқ. Қатардың көмек жіберетіні осыдан үш күн бұрын ғана белгілі болған. 




Қатар мемлекетіне ризамыз. Әлем елдері коронавирус пандемиясынан қиналып жатқан елдерге көмектерін аянып жатқан жоқ. Қатар - бізге гуманитарлық көмек жіберген екінші араб елі. Естеріңізде болса, бір ай бұрын БАӘ гуманитарлық көмек жіберген. Бұл көмек қазақстандық тараптың өтініші бойынша жүзеге асырылды, - дейді Ержан Мұқаш. 





   

Гуманитарлық жүк медициналық мекемелер арасында одан әрі тарату үшін "СҚ-Фармация" ЖШС-на табысталады.

Айта кетейік, бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп Қазақстанға келген гуманитарлық көмектің өңірлерге қалай бөлінетінін айтқан болатын.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Видео: Нұртай БАШЕНОВ
Өзгелердің жаңалығы