Атақты «Гүлдер» ансамблі жаңа құрамда концерт береді
2023 жылдың 11 мамырында аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің жаңа құрамы Алматыдағы Республика сарайында арнайы концерттік бағдарлама ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Концертке қазақ эстрадасының майталмандары және Қазақстанның Халық әртістері Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі және т.б. қатысады.
Сіздерге «Гүлдер» ансамблінің шығармашылық мұрасынан ең үздік қойылымдары мен түрлі жанрдағы жаңа музыкалық-хореографиялық композициялары ұмытылмас кеш сыйлайды. Қазақ өнерінің бетке ұстар ұжымының біріне айналған «Гүлдер» ансамблінің жаңа шығармашылық самғауының куәсі болыңыздар, - деп хабарлады «Қазақконцерт».
Айта кетейік, 2022 жылдың тамыз айында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы аты аңызға айналған шығармашылық ұжым «Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасын қолға алды. Ұжымға шығармашылық оқу орындарының түлектері алынып, тәжірибелі тәлімгерлер – бас балетмейстер ретінде Анвара Садықова және жобаның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов шақырылды.
Шығармашылық ұжымның ең алғашқы қызметтік жолы Алматы қаласында басталған еді. Ансамбль 1968 жылы құрылып, 1969 жылы 29 қазанда сахнаға шыққан. Қазақстанның белгілі әртістері Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Қапаш Құлышева, Қайрат Байбосынов, Айжан Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Нүркенова, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Бақтияр Тайлақбаев, Сембек Жұмағалиев, Гүлнәр Сиқымбаева, Қанат және Айткүл Құдайбергенов сынды өнер майталмандары шығармашылығын «Гүлдерде» бастады. Алғашқы жетекшісі ҚР халық әртісі Гүлжихан Ғалиева.