Атам 17 жасында теміржолшы атанған – Батыржан Ахметжанов
«Жарты ғасырдан бері теміржол саласына бет бұрған Ахметжановтар әулетін нағыз еңбек династиясы десе болатындай. Нәукен қария бастаған сара жолды бүгінде немерелері жалғап жүр. Бүгін соның бірі «KTZ Express» акционерлік қоғамы «KTZE Commerce» филиалының Достық пункті мекемесі басшысының орынбасары Батыржан Ахметжановпен дидарласқан едік», деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Батыржан Төлегенұлы, әуелгі әңгімені ардагер теміржолшы атаңыз жайында бастасақ...
Атам Нәукен Ахметжанов 1930 жылы қазіргі Жетісу облысы Алакөл ауданы Төңкеріс ауылында дүниеге келген. 17 жасында Матай станциясында паровоз кочегарының көмекшісі болып еңбек жолын бастаған. Соғыстан кейінгі экономиканы қайта қалпына келтіру кезеңінде ерен еңбек сіңірді. Кейін паровоз кочегары, паровоз машинистінің көмекшісі, паровоз машинисті қызметтерін атқарды. 1960 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанша тепловоз машинисті болды. Жоғарғы классты машинист ретінде ұзақ уақыт жолаушы поездарын жүргізді. Тәлімгерлігімен талай тепловоз машинистерін тәрбиелеп шығарды. 42 жыл еңбек өтілімен зейнеткерлікке шықты. Бір қыз, бес ұл тәрбиеледі. Үш ұлы әке жолын қуып, темір жол саласын таңдады. Оның екеуі «Құрметті теміржолшы» атағына ие болды.
Шатаспасам, сол әулеттегі «Құрметті теміржолшының» бірі сіздің әкеңіз ғой деймін...
Иә, дұрыс айтасыз. Атам дүниеден өткенде мен небәрі 3 жаста болғанмын. Әкем Төлеген Ахметжанов атамның еңбекқорлығын жиі айтып отыратын. Мені сол кісіге тартқансың деп де айтады әулеттің үлкендері. Осы сала қанымызға сіңіп кетті. Әкем теміржол техникумын бітіріп ең алдымен теплавоз саласында машенистін көмекшісі болды. Одан кейін өзінің қызметтік бабымен теплавоз машенисі, екінші дәрежелі тепловоз машенисі, бірінші дәрежелі машинисі болып қызмет атқарды. Осы салаға ғұмырының 37 жылын арнады. Ең бастысы еңбегі ақталып, Қазақстанның құрметті теміржолшысы атанды. Қазақта айтады ғой, әке көрген оқ жонар шеше көрген тон пішер деп. Мен осы саланы таңдаған қолдау көрсеткен ата-анама алғыс айтқым келеді. Бала арманыма қанат бітірді.
Сіздің келіншегіңіздің де қызметі осы салаға тікелей қатысы бар секілді.
Жан-жарым Сания Ахметжанова «KTZ EXPRESS» акционерлік қоғамы – KTZE Commerce филиалының жетекші инженері болып қызмет етеді. Жалпы еңбек тәжірибесі 7 жыл. Екеуімізде бір саласының тұтқасын ұстап жүрміз, бір компанияда жұмыс істейміз. Ол да біздің ауылдың қызы, мектеп кезінен таныспыз. Матай орта мектебінде бірге оқыдық. Кейіннен жолдасым Қаратал ауданына қарасты Үштөбе қаласына көшіп кетті. Өмір деген қызық қой, кейіннен әл Фараби атындағы қзақ мемлекеттік университетінде қайта қауышып, таныстығымыз ұлғайды. Мен философия және саясаттану факультетінің әлеуметтану мамандығын оқысам, ол шығыстану факультетін тәмамдады. Студент кезінде махаббатымыз жанданып, отау құруға бекіндік. Бүгінде алтысн асықтай 4 баланы тәрбиелеп отырмыз.
Сонда теміржолға бертін келе бет бұрған екенсіз ғой...
Мүмкін, солай деуге де болатын шығар. Бала көргенін істейді дегендей, әкемізден алысқа ұзай алмадық. Отбасыммен ақылдаса келе, М.Тынышбаев атындағы қазақ теміржол академиясына оқуға түсіп, сонда теміржол саласын жетік меңгеріп шықтым. Содан туған жерге туынды тік дегендей, қазіргі Достық бекетіне қызметке келдік. Осы саланың бас-қасында жүргеніме он жылдан асты. 2019 жылы 100 жас есім төсбелгісімен марапатталдым. Оны қоғам қайраткері Сауат Мыңбаев тапсырды. 2020 жылы, яки еріктілер жылында аумақта кардинатор болдым. Тыл еңбеккерлерге көмек көрсеттік. Көмірлеріне дейін тасып, пандемия кезінде халықтың қасынан табылдық. Бұл ретте мемлекет тарапынан алғыс хаттар алдым.
Теміржол саласы жылдан жылға түрленіп келеді. Атаңыз еңбек еткен дәуірмен қазіргіні салыстыруға келмейді. Қазіргі Матай станциясының тарихынан сыр тартсаңыз...
Матай станциясының тарихы тереңде жатыр. Вокзал алаңында ескерткіш ретіне үлкен паровоз тұр. Тарихи ескерткіштің жанында Матай ауылына көркейіп, тыныс-тіршілігін берген теміржолшыларға құрмет көрсетіліп, мұнда жас машинистерге тепловоз жүргізу құқығы беріледі. Матай пайдалану локомотив депосы 1934 жылы ұйымдастырылып, 1963 жылға дейін локомотив депосы ретінде жұмыс істеді. Ауа-райының қолайсыздығы, қатты жел мен құм депоның негізін қалаушыларды шошытқан жоқ. Олардың есімдері кәсіпорын тарихының беттерінде жарқын әріптермен жазылған. Депо құрылған алғашқы күннен бастап жөндеу шеберханалары ашылды. 1940-1960 жылдар кәсіпорынның қарқынды дамуы мен өсу кезеңімен сипатталады. Маневрлік жұмыстар Лепсі, Матай, Молалы учаскелерінде жүргізілді. Көмекші қызмет үшін локомотивтер Сарықұрақ және Алажиде станцияларына қойылды.
Бір заманда соғыстында қуәсі болғаны есімізде...
Шыны керек, үлкен соғыс еңбек ырғағын бұзды. Білікті теміржолшылардың барлығы майданға аттанып, жүк ағыны күн сайын арта түсті. Қалғандары күндер бойы деподан шықпай, еңбектеніп, пойыздарды кестеге сай жеткізіп берді. Сол заманда машинист Мұхтар Қаптағаев екі ағасы Нұрсағат пен Бисағатпен бір бригадада еңбек етті. 1942 жылы ол Түрксібте алғашқылардың бірі болып елге еңбек сіңірген машинист Луниннің локомотивтерді өз бетімен жөндеу туралы бастамасын көтерді. Локомотивтің жуып-шаю жөндеу арасындағы жүрісі нормамен салыстырғанда екі мың шақырымнан астамға артқан. Осылайша, жанармай үнемдеу 50 тоннаға дейін өсті. Бригада майдан шебіне әскери жүктермен ұшуды жүзеге асырды, жарақат алған жауынгерлері бар жедел жәрдем пойызын Жамбылға қайтарды. Соғыстан кейінгі жылдарда еліміздің халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде Мұхтар Қаптағаевтың бастамасымен темір жол бойында бес жүздік машинистер қозғалысы мен ауыр салмақты пойыздарды жүргізу қолға алынды. Депо тұрғындары өз кәсіпорнының тарихымен және оның қабырғасында генерал-лейтенант Михаил Калашников автоматын арнайы цехта жасағанын мақтан тұтады.
Жалпы осы Матайда еңбек әулеті өте көп деп естиміз. Сол рас па?
Матайда жиырмадан астам даңқты еңбек әулеттері бар. Олар Лекеровтер, Еспембетовтер, Кенжебаевтар, Атахановтар, Жүнісбековтер, Шәріпбаевтар және т.б. Депоның бар ғұмырында оны Қабыжан Мұхаметжанов, Зейнұр Канакаев, Мыташ Шынәлиев, Құмарбек Қойшыбаев, Ешей Қасенов, Ғазиз Қалиев, Бақтырыс Сазанбаев, Қалибек Жұматаев, Нұрали Жапарбеков, Есқар Қалиев, Туған Боранбаев, Сайлау Юсупов, Жұмагелды Қапалбаев, Болат Елешев, Ермек Смагулов. сынды еңбек сіңірген қайраткерлер басқарды. Олардың әрқайсысы өз кәсіпорнының дамуына орасан зор үлес қосты.
Станция 1960 жылы депо дизельдік тартқышқа көшті. Аягөз депосынан алғашқы төрт тепловоз алынды. Бұл ретте реостат пен сынау цехы іске қосылды, онда жөндеуден кейін сынау жұмыстары жүргізілді. Ол кезде депода 89 механизатор, 13 бригадир, 30 техник жұмыс істеді. Матай депосы талантты ұста деп аталды, дәл осы кәсіпорынның қабырғасынан жоғары білікті мамандар мен басқарушы кадрлар шықты.
Қазіргі теміржол саласының дамуына қосар ойыңыз бар ма?
Қазір электронды жүйе дамыды, заманауи бағытқа бет бұрып келеміз. Жаңа платформалар жолаушыға тиімді жол көрсетуде. Тауар айналымы да артты. Мемлекет басшысы Қытаймен сауда айналымын арттырғалы біздің бекеттің Азия мен Еуропадағы рөлі жоғарылай түсті. Әрине, отандық теміржол саласын нарықтық экономикаға қарай реформалау кезінде алғашқы жылдары көптеген кедергілер, қарама-қайшылықтар болғаны жасырын емес. Дегенмен оның бәрі артта қалды. Біздің әкелеріміз кеңес заманында да, тәуелісіздік алған жылдары да төл темір жолымыздың көсегесін көгертсек деумен еңбек еткен адамдар. Әр заманның өз қиыншылығы болады. Мен өз жұмысыма адалмын.