Ата кәсіпті жалғаушы – ер-тоқым шебері
BAQ.KZ тілшісі алыс ауылыда ата кәсіптен нәсіп тауып жүрген жан – Жамбыл ауданы, Өрнек ауылының тұрғыны Әлімжан Бейсенбаевпен танысты. Ағаштан түйін түйіп, ер-тоқым жасаумен айналысытан азаматтың арманы көп екен.
Қазақ халқының тарихы – жылқы тарихымен астасып жатқан қастерлі шежіре. «Ат – ер қанаты» деп білген бабаларымыз тұлпарды төрге шығарып, оны жаратып мінуге қажетті ер-тұрманды да өнер деңгейіне көтерген. Ертоқым жасау – тек шаруашылық үшін қажет құрал емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнер. Осындай қасиетті кәсіпті серік еткен, бабадан жеткен аманатты жалғап жүрген шеберлердің бірі – Жамбыл ауданы, Өрнек ауылының тұрғыны Әлімжан Бейсенбаев. Әлімжан жастайынан ағаларының жанында жүріп, қолөнердің қыр-сырын бойына сіңірген. Әкесі мен ағаларының қолынан шыққан ертоқымдарды көріп өскен ол, уақыт өте келе осы өнерді өз кәсібіне айналдырады. Бүгінде ауылдағы ғана емес, өңірдегі танымал ер-тоқым жасаушы ретінде көпке мәлім.
Бұл кәсіп маған жай ғана табыс көзі емес. Бұл – аманат. Бабаларымыздан жеткен дәстүрді жалғастыру менің парызым. Әр ертоқымға жанымды саламын. Өйткені ол тек мініс құралы емес, қазақтың рухын сақтаған өнер туындысы, – дейді шебер өзі жайлы.
Ер-тоқым жасау оңай шаруа емес. Ол – былғарыны, ағашты, темірді, матаны үйлестіріп, ұлттық ою-өрнекпен әрлеуді талап ететін нәзік әрі күрделі жұмыс. Әлімжан әрбір ер-тоқымды жасағанда ерекше ықыласпен кіріседі. Беті оюланған, өрнегі нақышталған, сәні мен салтанаты жарасқан әр тоқым шебердің қолынан шыққанда тек ауыл ішіне емес, алыс қалаларға да жол тартады. Шебердің айтуынша, ең есте қалған сәттердің бірі – Шымкент қаласына арнайы жасалған жүз ер-тоқым. Бұл – бір шебердің қолынан шыққан ең ірі тапсырыстардың бірі. Жүз ер-тоқымды уақытында, сапалы етіп тапсырып, елдің алғысын алған күн ол үшін үлкен мақтаныш.
2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл – дәл Әлімжан сынды азаматтардың еңбегін бағалау, ұрпаққа үлгі ету үшін маңызды бастама. Өйткені жұмысшы мамандық иелері – қоғамның тірегі. Оларсыз елдің шаруасы да, тұрмысы да алға баспайды.
Ең бастысы – өз ісіңді жақсы көру. Әр тоқым – мен үшін ерекше дүние. Әр бұйымға жаныммен кірісемін. Өйткені бұл – табыс емес, ата кәсіпті жалғастыру аманаты, – дейді Әлімжан.
Осы сөздердің өзінен-ақ шебердің ісіне деген адалдығын, жауапкершілігін аңғаруға болады. Өз кезегінде ауыл тұрғындары Әлімжанның еңбегін жоғары бағалайды.
Әлімжан – біздің ауылдың мақтанышы. Ертоқым жасау – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өнерді кәсіпке айналдырып, елге қызмет етіп жүрген азаматқа қандай құрмет көрсетсе де лайық. Оның қолынан шыққан тоқымдар талай үйдің төрінде тұр. Әсіресе жастарға үлгі болып отыр, – дейді ауыл ақсақалы Қайрат Әлімқұлов.
Ал ауыл тұрғыны Салтанат Әбдіқұлова болса:
Біздің ауылда қолөнерді дамытып жүрген азаматтың бар екені – үлкен қуаныш. Әлімжанның тоқымдарын көрген сайын ұлттық нақышымызды сезінеміз. Әрбір бұйымы көздің жауын алады. Осындай еңбектің арқасында ауылымыздың аты да шығып жатыр, – деп пікірін білдірді.
Өрнек ауылдық округінің әкімі Өмірбек Ботаев та шебердің еңбегін ерекше атап өтті:
Әлімжан – ауылдың нағыз еңбекқор, өнегелі азаматы. Ол – ұлттық дәстүрді сақтап қана қоймай, кәсібін дамытып отырған жан. Ер-тоқым жасау арқылы халыққа қызмет көрсетіп, ата кәсіпті жаңғыртып жүр. Біз үшін осындай азаматтардың еңбегі қашанда мақтаныш. 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Әлімжан сынды шеберлерді дәріптеу – парызымыз. Өйткені олар елдің рухын сақтап, экономикалық дамуына да үлес қосып жүр, – деді ауыл басшысы.
Ер-тоқым – қазақтың көшпелі өмірінде күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігі ғана емес, ұлттың мәдениетінің бір көрінісі. Атқа мінген қазақтың айбынын асыратын да, сәнін келтіретін де – сапалы ертоқым. Осыны жастайынан ұғынып өскен Әлімжан бүгінде алыс-жақындағы жұртшылыққа танымал болды. Ертоқым жасаудың жеңіл іс еместігі белгілі. Ол – былғарыны, ағашты, темірді, матаны шебер үйлестіруді қажет етеді. Әлімжан үшін ең күрделі кезең – дәнекерлеу. Темірді қыздырып, дұрыс жалғау – шыдамдылықты, тәжірибені және үлкен күшті талап етеді.
Ер-тоқымның ең қиыны – дәнекерлеу жұмыстары. Бір жерін дұрыс ұстай алмасаң, бүкіл бұйым жарамсыз болып қалады. Ал оны қайта жасауға уақыт кетеді. Бірақ мен үшін бұл қиындық емес, шыңдалудың бір жолы. Қиындықты жеңбей, шебер болу мүмкін емес, – дейді ол.
Осылайша, ол ең ауыр ісіне де мойымай, қажыр-қайратпен еңбек етіп келеді. Нәтижесінде Әлімжанның қолынан шыққан әрбір ертоқым – тек мініс құралы ғана емес, нағыз өнер туындысы. Былғары мен ағашты үйлестіріп, ою-өрнекпен әрлеп жасалған әр тоқым – қазақы нақыштың айнасы. Оның ертоқымдары тек Жамбыл өңірінде ғана емес, еліміздің өзге аймақтарына да тарап, халықтың ықыласына бөленіп үлгерді. Тіпті, шекара асып, Қытай еліне де сатылғаны – шебердің еңбегінің сапасын көрсететін айғақ. Бұл – ауылдағы шағын шеберханадан басталған істің халықаралық деңгейге шығуының дәлелі. Әлімжан Бейсенбаев – тек ісмер ғана емес, ауылдың ақылгөй ағаларының бірі. Ол өзінің тәжірибесін жастарға үйретуден, кеңес беруден жалықпайды. Әсіресе жас буынға айтатын басты өсиеті – еңбектен қашпау.
Бүгінгі жастарға айтарым: еңбектен қашпаңдар. Қандай кәсіпті қолға алсаң да, маңдай теріңді төгіп істесең, түбі берекесін көресің. Ал дайынға ұмтылған адам ешқашан өспейді. Өз ісіңді сүйіп, адал еңбек етсең – нәсібің де мол болады, – дейді шебер. Осы сөздер – талай жылдық тәжірибеден туған шынайы кеңес. Әлімжанның еңбегі – ауылдың абыройы, елдің игілігі. Оның жас буынға қалдырған ең үлкен өсиеті – адал еңбек ету. Себебі еңбек – елдің ертеңін айқындайтын қазына, еңбек адамы – ұлттың шын бейнесі.
Шын мәнінде, мұндай азаматтардың еңбегі – тек жеке табыс емес, ұлтқа ортақ игілік. Ертоқым жасау – бабадан жеткен өнер. Сол өнерді жалғап, оны кәсіпке айналдыру – ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Әлімжан Бейсенбаев – Жұмысшы жылының шынайы бейнесі. Ол қарапайым ауыл азаматы болғанымен, ісі үлкен, еңбегі ерен. Оның әрбір жасаған ер-тоқымы – өнер туындысы, ұлттық рухтың айнасы.
Қазақта "Еңбек түбі – береке" деген сөз бар. Әлімжан Бейсенбаевтың еңбегінде осы сөздің ақиқаты жатыр. Ол – ата кәсіпті адал жалғастырып, бабалар өнерін қайта жаңғыртып отырған азамат. Еңбегімен елге елеулі болып, кәсібімен көпке үлгі болған мұндай шеберлерді ардақтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Еңбек – ел ертеңі. Еңбек адамы – ұлттың тірегі.