Ата дініміз адастырмайды

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Иманды болу, арды аттамау, тәубәні түсіну, жүрегіңде мейірімнің ұялауы адамның адамдық қалпын сақтап қалар ұстанымдар екені сөзсіз. Ұлттық салт-дәстүрі ата дінімен біте қайнасқан, әуелден ең түзу жол деп арқа сүйері ислам болған қазақ дінге түгел бас ұрып кетпесе де оған құрметпен қарап, талап-тілектерін тірлігіне негіз еткен.

Дүние-дүрмектің дүбірінен қалмай, өмірдің өр толқындарының ығына жығылмай, ұлы мақсатына ұрандай ұмтылыс үстінде болса да сол ұстанымдарды әсте естен шығарған жоқ, темірқазық бағдары етті. Құлап-сүрінсе де, қиғашқа тап келсе де, қиын қоғам қынадай қырып, жер аударып, тоз-тоз етсе де Алласын ұмытпады. Кеңес үкіметі сәл тізгін босатып, босаңдық танытып «жылымық» жайлағанда  аса бір жария қылмаса да, қора-қора да құрбан шалып, ораза тұтып, үлкендер үйді-үйлерінде намаздарын оқып жүрді. Сол қалыппен егемендікке жеткен соң қаймығып-жасқанбай дінге еркін бет бұрды. Алдыңғы ақсақал-қарасақалдардың қарасы ағылған жастар легімен толықты. Сөйтіп, бұрын коммунизм идеясы жайлаған, атеизм өзеуреген еліміз ата дінімен қайта қауышты. Арақ ішушілер, шылым тартушылар азайды. Мейірімнің мерейі үстем болды. Көркем мінезді, кішіпейіл, ұстамды жастар жан жадыратты. Дүмше моллалар кейіндеп, оқыған имамдар көбейді. Жұрттың діни сауаты артып, салиқалы жамағат саны молайды. Дінге ұйыған жұрттың басына бақ қонып, қыдыр дарыды. Елдің еңсесі тіктелді, әлемге жақсы атымен танылды, абыройы асқақтады.

Жиырма жылдың үстінде бұқаралық ақпарат құралдары ата дінімізді еркін насихаттап, дін мамандарының ірілі-ұсақты мақалаларын жариялап, эфирлерден сөйлетіп, көрермен, тыңдарманмен қауыштырып отырды. Олар да ел алдында уағыз айтудан тартынған жоқ. Жаңадан ашылған жүздеген мешіттердің есігі қалың бұқараға айқара ашық тұрды. Соның нәтижесінде, еліміз тұрғындары ислам қағидаларымен терең танысып, білім-біліктерін толықтыра алды.

Мешіттер жандарынан медіреселер, орталықтарда жоғарғы оқу орындары бой көтерді. Мұның бәрі біздің жетістігіміз, мақтанышымыз. Бүгінгі таңда, әр діни мереке, тағы басқа шаралар алдында оның мән-мағынасын, істелер амал-әрекеттерін тізбелеп, теріп жазудың да қажеті жоқтай. Мысалы, алда келе жатқан Құрбан айт, оған қандай мал шалынуы керек, еті кімге таратылып, қайда берілуі керек, тағы басқа сұрақтардың жауабын жұрт жатқа білетін халге жетті.

Алайда, бұл орайда жіберіп алған кемшілігіміз де, опынтар олқылығымыз да жоқ емес. Оған қоғам алаңдаулы, тұрғындар секеммен қарайды.

«Жақында ғана еліміздің батыс өңіріндегі бір қалаға жол түскен. Көшеде екінің бірі бет-ауызын тұмшалап, етегіне сүрінген, шиеттей балаларын жетелеп, «қара жамылған» жас келіншектер, он-сегіз, жиырма жасқа жаңа толғанына қарамастан шоқшитып сақал қойған, шолақ шалбар киген жеткіншектер. Кейбірінің соңынан қиқаңдап ата-аналары да жүр. Бетін бүркеп, көзі ғана көрініп, қарсы кездескен адамнан денең тітіркенгендей. Ашушаң, көздері тікенектей, жек көре қарайтындай. Ұлтымыздың ұғымында мұсылман жібек мінезді, кішіпейіл, кімге болмасын қол ұшын беруге дайын, нені болмасын сеніп тапсыруға болатын, кісіге жұғысты жан. Жер қозғалмаса қозғалмайтын салмақты. Қандай тосын оқиға, көлденең, қаза, қайғыға душар болса да сабыр сақтай алатын, айғай сүреңге салып өзін де, өзгені де әбігерге салмайтын, тағдырдың қандай сыны, салмағы болса да көтере алатын адам. Тіпті, біреудің опасыздығы, сатқындығы, екіжүзділігі де оның сабырын қашырып, берекесін кетірмейді. Қырық күн шілдеде де оразасын ұстап, жұмысын жасап, намазын оқып, алшаң басып жүре береді. Ашуға алдырмайтын, қайғыға мойымайтын, үнемі бір қалыпта жүретін, ақылы әрқашан орнындағы ондай адамдармен сұхбаттасу қандай ғанибет! Өзің тағдырдың әлдеқандай кедергісіне маңдайыңды соғып, ашу қысып, ақыл кірмей әңкі-тәңкі болғаныңда сондай жандардан ақыл сұрамассың ба? Ондай көркем мінезді пенденің жанында біраз отырып, көрген қиындығыңды айтып, одан соң оның уәжін тыңдасаң, сабаңа түсіп, алдыңда адал жолың сайрап жатқандай көрінетін. Біз дін танымын, тарихы мен теориясын зерттеген теолог ғалым емеспіз. Жазушымыз. Сондықтан, өмірден көргенімізді, түйгенімізді, сезінгенімізді, сондай-ақ, көптің көңіліндегісін айтамыз», - дейді жазушы Серік Жетпісқалиев.

Сақал да қойсын, қысқа шалбар да кисін, тұмшалансын. Бірақ, ең бастысы сыртқы кейіп, киім киіс емес, жүректегі иманда емес пе еді? Алаңдарлығы, әлгіндей кейіптегілерге көпшіліктің күдікпен, үрке қарауы, үрейленуі болып тұр ғой. Әзір әлгіндей кейіп тұрғындарға түсініксіз. Оның үстіне анау жылдары әр жерде болған жарылыстар еске түсе беретін болса керек. Секем содан қалған да шығар. Бөтен пиғылы жоқ, жаратушыға құлшылық етумен ғана жүрген жастар иманды жүрегіне сіңіріп, мұсылмандықты жан-тәнімен ұғынып, өмірдің мән-жайын, тіршіліктің тәлкегін әбден түсініп, сосын барып сырт кейіпке көңіл бөлсе деген ой келеді. «Ә» дегеннен жұртты өзіне үрке қараттырып, бөлектенуінің себебі не екен? Бірден әке-шешесі, ағайын-тумасымен араздасып, «мынауың – адал, мынауың – харам» деп ара жыртысып, айғай шығару жөн бе? Басқалар да айға ұшып кетпес, ата жолын табар. Бәрі уақытымен. Әркімнің өз тағдыры бар. «Баланы мектепте оқытпаймын, жұқпалы ауруға қарсы екпе салдырмаймын» деп екіленуді қалай түсінуге болады? Сол балаларымыз екпесін алып, аман өсіп, мектепке барып сауат ашып, азамат болмап па еді? Осы әке-шешесі оны әлдилеп өсіріп, тер төгіп еңбек етіп, адам қылмап па еді?

 «Халқымыздың ардақты ата дінімізді ұстануына жол ашқан тәуелсіздігімізге шүкір дейсің. Осындай бейбіт өмірге, сыйластық пен түсіністікке, сабыр мен ізетке бастайтын асыл дінімізге жат пиғылды ағымдардың теріс ықпалы әсер етпегей, жастарымыз алданып олардың жетегінде кетпегей деген күдікті ойдың қылаң беретіні де рас. Алайда, мынау тұп-тұнық балаң дауыстарымен мөлдіретіп Құран оқып, тамылжытып уағыз айтып тұрған жоғары білімді жас имамдар тұрғанда теріс пиғылды ағымдар араға ірткі тастай алмас, ата дініміз өзінің ұлы даладағы байырғы ұстаным-қалпынан айнымас деп сенесің. Күнделікті тірлігі, салт-дәстүріне асыл дінді арқау еткен қазағымның жол сілтер темірқазығы осы – бейбіт дін. Ел ағасы Мырзатай Жолдасбеков: «Үлкендер отырғанда, көпті көрген көнекөздер отырғанда жап-жас балалардың ақыл айтуы жарасымсыз» деген тұрғыда мақала жазған-ды. Айтса-айтқандай. «Үлкен тұрып, жас сөйлегеннен без» деген қағиданы ұстанған жұрт емес пе едік? Кірме, біздің ұғым-түсінігімізге жат ағымдарға еруші жастардың көбінің не толымды білімі, не өмірлік тәжірибесі жоқ, оң-солын әлі ажырата қоймағандар. Әлі табанының бүрі жоқ, өзіндік көзқарасы қалыптаспаған жеткіншектерді дайындықтары мол, осал тұсты оңай табатын теріс пиғылдылардың пайдаланып жүргендері кәміл-ау. Жеткіншектер оны мойындай қойса – жақсы. «Мен өзім білемінге» салып жүргендері баршылық тәрізді. Өкінішке орай, көптеген отбасыларда осы төңіректе түсінбестіктер орын алып жатыр. Ата-анасымен баланың, ағайын мен ағайынның араласпауы, бір-біріне «Тойың құтты болсын!», «Қазаның қайырын берсін!» айта алмауы жақсылықтың нышаны деп кім айтар. Қоғамда, өмірімізде дәл осындай жағдайлар орын алып отыр ғой», - дейді қарт қаламгер Айдос Әбутәліпов.

Әзір там-тұм, аз шығар. Сондай ұстаным, көзқарастағылар күн санап көбейе берсе не болмақ? Ал, өзіміз оларға үрке қарап, арамызды алшақ салып, бөлектене берсек, түсінісуге тырыспасақ, ол жөн бола ма?

Ұлтыңның ұстанымын сыйлама, салт-дәстүрін қадірлеме, қазақшылығыңды ұмыт. Сонда не болмақ? Алла бізді қазақ қып жаратты, тіл берді, қазақы сана, жол берді. Енді сол ұлт Алласына сыйына жүріп, Алла бұйыртқан қазақылығын ұстаса айып па?

Мақсат – жастар теріс пиғылды ағымдарға ермей, ата-бабамыз ұстанған мазһабты ұстанса, жұрт арасында түсінбестік болмаса екен дегендік. Тіпті, дінге терең беріліп, сол тұнық, қасиетті әлем теңізіне құлаш ұрса да, ұлтын ұмытпаса екен, оның ғасырлар бойғы ұстанып келе жатқан әдет-ғұрпын теріске шығармаса екен, ат құйрығын шарт кесісіп ағайыннан шығандап кетпесе екен дегендік. Сыйластық, құрмет, ізет деген ұғымдарды аяқ асты етуге болар ма? Дінін де ұстанып, үлкенді де сыйлап жүрсе артық па?

Сірә, жастарға ұлт туралы, ұлттық құндылықтар туралы, ата дініміз туралы да жеткізіп айта алмай жүрген шығармыз. Әйтпесе, үй ішінен үй тігіп, бөле жарған емес, «Отан үшін!» деп ел-жұрты үшін отқа түскен Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Боран Нысанбаевтар шыққан жұрт емес пе ек? Бәрі де үлкеннен бата алып, аналардан алғыс алмап па еді, қан майданда шаһид болмап па еді? Олар да сол кезде қылқан кескендей жастар еді.

Түсінік жұмыстары дұрыс жүргізілсе бүгінгі жастар да ата жолымыздан адаспас. Өмірдің бір мазмұны жақсылыққа сену ғой.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы