Ата-бабамыздан қалған дәстүрді қолға алуымыз керек – Елбасының сыныптасы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Роза Телемісова «Әйелдердің ауыл және ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесі» тақырыбында өткен Қазақстанның Оңтүстік өңірлерінің аймақтық форумында айтты.
Мен Алматы облысында туып өскем. Сол жақта өсіп-өніп, кәмелетке толған соң әкемнің қалауымен Шымкенттегі педагогикалық институтқа түстім. Осы оңтүстік өңірінен қосағымды тауып, отбасылық өмір жолымды бастадым. Содан бері 60 жыл өтті. Маған өмірде бұйыртқан ең үлкен бақыттың бірі - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы болуым. Қыз-келіншектер барған елінің ыңғайына көніп, шыққан жеріне сөз келтірмей, барған жерінің түтінін түзу шығарып отыр, - деді ол.
Роза Телемісова ауылдың өміріне төселіп, бейімделуге тура келгенін айтты.
Қазіргі жас келіндер иінағашпен су әкелмейді, біздің кезімізде олай болмады. Ата-ананың жүзін төмен қаратпас үшін маңдайға жазылған тағдырға көндік. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын көтеріп жатыр. «Рухани жаңғыру» шетелге еліктеу емес, өзіміздің ата-бабаларымыздың дәстүрін насихаттайды. Себебі біз ата-бабамыздан қалған дәстүрді қолға алуымыз керек. Сол кезде ажырасу да азаяды. Ұямыз шалқаймай, шаңыраңымыз берік болады, - деді Роза Телемісова.