Ата-бабаларымыздың ерлігі - Отанға деген сүйіспеншіліктің айқын мысалы
Бұл мерекеде Екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлеріне, тылда еңбек еткендерге құрмет көрсетіп, қан майданнан оралмаған қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекеде Екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлеріне, тылда еңбек еткендерге құрмет көрсетіп, қан майданнан оралмаған қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен еңбек еткендер туралы естеліктер әр шаңырақта сақталады, ұрпақ жадынан өшпейді. Екінші дүниежүзілік соғысқа Ақтөбе облысынан 122 мыңнан астам адам шақырылған. Оның 36 мыңнан астамы ұрыс даласынан оралмаған. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанып, тоғызы «Даңқ» орденінің толық иегері болды, - деді ол.
Жеңісті жақындатуға тыл еңбеккерлері де, қарттар мен әйелдер де, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар да үлес қосты.
Олар егістер мен фермаларда, зауыттар мен фабрикаларда күн-түн демей еңбек етті. Өкініштісі, бүгінде майданның алдыңғы шебінде от пен оқтың ортасында болған ардагерлеріміздің қатары күн санап сиреп барады. Ақтөбе облысында Жеңістің 78 жылдығын 3 ардагер мен 2786 тыл еңбеккері атап өтуде. Олардың ерлігі мен өрлігін есте сақтау — әрқайсысымыздың парызымыз. Ата-бабаларымыздың ерлік істері — Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің, шынайы патриотизм мен мызғымас бірліктің, кез келген қиындықты жеңе алатынының айқын мысалы. Бүгінгі ұрпақ бізге Жеңіс сыйлаған алдыңғы буынның ерлік істерін ұмытпауға тиіс! Соғыс және тыл ардагерлеріне, барлық ақтөбеліктерге мықты денсаулық, отбасы амандығын және ашық аспан тілеймін! Отанымыз — Қазақстан Республикасы көркейе берсін! Жеңіс күні құтты болсын!, - деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.