Ата-бабадан дарыған кеңпейілділік баянды өмірге жеткізіп отыр – Мейрамбек Қиықов
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Санаулы күндерден соң елордада төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясы ашылады. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов тарихи жиында еліміз үшін тағы бір тарихи белестің парағы ашылып, тың міндеттер мен мүмкіндіктер айқындаларына сенімді.
Ұлт көшбасшысы Қазақстанның болашағы, дамуы, өркендеуінің, халықтың әл-ауқатының артуының негізгі бір тетігі еліміздегі ұлтаралық татулық, рухани келісім, берік бейбітшілік, ынтымақ екендігін үнемі айтып келеді. Ассамблея сессиялары мен съездерінде, тұрғындармен жүздесулерінде бұл мәселеге ерекше тоқталады.
«Осы ұстаным, еліміз көгінде көрінген осы береке шуағы әлем назарын өзіне аударып, қызықтырып отыр. Алыс елдер Қазақстанда өз бизнестерін ашып, алаңсыз қызмет істеуге құштар. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы құндылық, қол жеткен табысымызға ұйтқы болып келеді. Ел тұрғындарын елең еткізіп, жақсылыққа жұмылдырған Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналды. Қазақстандықтардың рухани күш қуатын арттыру, толеранттылығын еселеуге елеулі үлес қосып келеді. Сөйтіп, Ассамблея еліміздегі барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдырушы, барлық ұлттар мен ұлыстар мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, азаматтардың этностық, діни ерекшеліктерін сақтаушы саяси институтқа, көпұлтты қазақстандықтардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырған алтын қазыққа айналды. Халықты төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеуді дәріптейтін ең маңызды ұйымның бірі осы - Ассамблея. Елде татулық, бірлік болғанда ғана береке бар. Сонда ғана біз Ұлт Көшбасшысы алға қойған межелер биігінен көрінбекпіз», - дейді Мейрамбек Қиықов.
Оның пайымынша, еліміздегі қол жеткізілген татулық, өзара түсіністік, достық келбеті сөзсіз дана халқымыздың байырғы мінезі, ұстанымының арқасы.
«Қазақ атам заманнан даласындай дархан, көгіндегі күніндей мейірбан ғой. Кең пейілділігі, қонақжайлылығы ата-бабадан қалған мирас. Жеті түнде жер ауып, не қойып, не болғанын білмей, мылтық дүмімен ұрғылап мінгізген вагондардан машиналарға тиеліп, жат жерге түсірілген шешен, ингуш, неміс, кәріс, тағы басқа ұлт өкілдерін де сол мейірбандық, сол қонақжайлылықпен қарсы алмап па еді жұртымыз. Жарып отыр ма еді, сол тұс? Талай қуғын-сүргіннен өтіп, малынан да, жанынан да айрылып, өлместің күйін кешкен жайы бар емес пе еді? Соған қарамастан зорлықпен әкелініп, үй-күйінен, тұрмысынан ажырап, айдалада аңтарылып тұрған мұқтаж жандарды үйлеріне паналатып, дастарханына шақырып, жарты құртты жарып жемеп пе еді? Өздерін паналатып, дәм-тұзымен бөліскендердің ақ майға бөгіп, асып-тасып отырмағандарын жер ауып келгендер білді. Ал олардың ауыздарынан жырып ұсынғандарынан бас тартарлық дәрмен тағы жоқ еді. Үй-орманы, баққан малы, жиған-тергені елінде қалды. Дайындалуға, жиылып-түйілуге мұрша берген жоқ. Әскерилердің шаң-шұң бұйырықтары, тарс-тұрс аспанға атқан мылтық дауысынан шошынған бала-шағаларын бауырына қысып, қарияларын сүйемелдеп сыптай боп, дымсыз шыға-шыға келіскен. Үстеріндегі бір киер киімнен басқа түк жоқ, бұрын көріп-білмеген Қазақстаннан, қазақ ауылдарынан бір шықты. Енді жергілікті халық қол ұшын бермегенде нендей жағдайға душар боларлары да белгісіз еді-ау, көбінің. Құтқарған сол қазақтың мейірбандығы, кең пейілділігі, қонақжайлылығы, обал-сауапты білуі. Ата-бабасынан қалған әдет-ғұрпы, салты. Бүгінде он сан ұлысты ұйыстырып, берекелі бір елдің туы астына біріктіруге дәнекер болып отырған осындай текті жұртымыз бар екені, әрине, мақтаныш! Жаймашуақ емес, қысылтаяң күнде қалпынан таймаған кесектікті айтсаңызшы... Сол ақкөңілділік, кең пейілділік бүгінгі баянды өмірге жеткізіп отыр», - дейді Мейрамбек Қиықов.
Оның пікірінше, Ассамблея бұдан әрі де Ұлт Көшбасшысының әуелгі бастамасы – рухани ізгілікті дәріптеп, өзінің тарихи миссиясын мінсіз атқаратын болады.
«Біздің ұлан-асыр әдеби мұрамызда, халық ауыз әдебиетінде, мақал-мәтелдерде, жыр-ертегілерде адалдық, қайырымдылық, адамгершілік сияқты асыл құндылықтар насихатталады. Керемет күйлеріміз, әсем әуен, әндеріміз кіршіксіз тазалықты жырлайды. Ою-өрнегіміз, текемет-басқұрымыз, ақшаңқан үйлеріміз, ақ бауырсағымыз, сапырылған саба-саба қымызымыз, барша тұрмыс-салтымыз бүкпесіз көңілімізді, ақжарқын мінез, кең пейілімізді паш етеді. Осы ізгі ұстаным үзілмей жалғасып келеді. Сондықтан, Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы, бағыт-бағдары баршамызға жақын, баршамызға түсінікті. Баршамыздың арман-тілегімізді, пиғыл-ниетімізді жүзеге асыруға құлшыныстары құптарлық. Өйткені, баршамыздың ойымыз – еліміздің амандығы, көп ұлтты халқымыздың саулығы, Мәңгілік елді мекен ету», - дейді Мейрамбек Қиықов.