Павлодарда түнде ата-анасыз жүрген 63 жасөспірім ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңір полицейлері қысқы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлады pavlodarnews.kz. 

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жаңа жылдың басынан бастап кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар ҚР ӘҚБК 442-бабы бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің қарауынсыз тұрғын жайдан тыс жерде жүруге қатысты 63 әкімшілік іс қозғады. 

Лермонтов көшесінде орналасқан компьютерлік клубтардың бірінде 2003 жылы туған жасөспірімнің болуына жол беру фактісі анықталды. Сол түні Торайғыров көшесінде орналасқан дәмханада мекеме иесі екі кәмелетке толмаған баланың ойын-сауық мекемесінде болуына жол берген. Тексеру барысында құқық бұзушылардың ата-аналары Тереңкөл ауданында екені анықталды. Сондықтан олар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, - деді департаментте. 

Аталған фактілерге байланысты жасөспірімдердің заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБК 442-бабы 1 бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал көңіл көтеру орындарының иелеріне қатысты ҚР ӘҚБК 132-бабы бойынша әкімшілік материалдар қозғалды. 

Сондай-ақ, баспасөз қызметінде түнгі уақытта полиция қызметкерлері Павлодар қаласындағы Қамзин көшесіндегі үйдің жанында кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілінсіз жүруі фактісін анықтағанын атап өтті. Ата-аналарға қатысты ҚР ӘҚБК 442-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. 

Айта кетейік, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне жол бермеу аясында жұмыстар жалғасуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы