Ата-анасы мас болған: Петропавлда қауіпті жағдайдан кейін екі бала бейімдеу орталығына жіберілді
Тәртіп сақшысы екі бүлдіршінді ажалдан арашалап қалды.
Петропавлда полиция қызметкері үйіне бара жатқан жолда бесінші қабаттағы пәтердің ашық терезесінен екі кішкентай баланы байқап, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Polisia.kz хабарлауынша, 15 маусым күні кешке Солтүстік Қазақстан облысы ПД Процессингтік орталығының қызметкері Ержан Тамышев жұмыстан қайтып бара жатып, Жамбыл көшесіндегі үйлердің бірінде ашық терезе алдында тұрған бүлдіршіндерді көрген. Полицей бірден танысынан бұл жағдайды «102» арнасына хабарлауды өтініп, өзі подъезге қарай жүгірген.
Осы уақытта көшедегі өтіп бара жатқан адамдар балалардың назарын аударып, оларды терезеден алыстауға көндіруге тырысқан.
Балалар үйде үлкендердің қарауынсыз қалды ма деп қорыққан тәртіп сақшысы пәтерге кірудің амалын іздеп жатқанда, іштен есікті ересек адам ашқан.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері бұл жалдамалы пәтерде Жезқазғаннан келген отбасы уақытша тұрып жатқанын анықтады.
Оқиға кезінде балалардың әкесі ұйықтап жатқан, ал анасы дүкенге кеткен. Полицияның мәліметінше, ата-ананың екеуі де мас болған және бұған дейін де жауапкершілікке тартылған.
Қабылданған шаралар
Осы жағдайдан кейін үш жасар ұл мен төрт жасар қыз бала отбасынан алынып, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Іс бойынша жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі.
Полиция өкілдері қараусыз қалған балалардың, әсіресе көпқабатты үйлердегі ашық терезелердің кесірінен өмірлеріне үлкен қауіп төнуі мүмкін екенін тағы бір мәрте қатаң ескертті.