Ата-аналардың 70%-дан астамы балаларын КВИ-ге қарсы вакцинациялауға дайын емес – зерттеу
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ата-аналардан оқушылардың дәстүрлі форматта оқуына қатысты сауалнама алған.
Сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 81,4% жаңа 2021-2022 оқу жылында балаларының дəстүрлі форматта (офлайн) оқығанын қалайды. Бұл балаларының онлайн форматта толығымен оқығанын таңдайтындардан 10 есе көп.
Сұралғандардың тек 7,6%-ы ғана онлайн оқытуды таңдайды. Сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 10,3% оқытудың аралас форматының бір нұсқасын таңдаушы еді. Шағын жинақталған мектептерде білім алушылардың ата-аналары дəстүрлі оқыту нысанына көшуді барынша аз дəрежеде қалайды, - делінген зерттеуде.Оқушылардың дəстүрлі оқыту форматына оралуы туралы шешіммен келіспейтіндердің (8,9%) басым бөлігі санитарлық нормалар сақталмауы мүмкін деп қауіптенеді.
Сондай-ақ ата-аналар мектеп оқушыларын оқытудың дəстүрлі форматына қатысты тəуекелдердің негізі ретінде ауа райына байланысты, сондай-ақ педагогтардың, мектеп қызметкерлерінің жəне басқа оқушылар ата-аналарының екпе алуының толық қамтылмауы қаупін қарастырады екен.
Қашықтықтан оқытуға оралған жағдайда ата-аналардың 81,3%-ы шамадан тыс оқу жүктемесімен байланысты қиындықтардың туындауын, сондай-ақ əлеуметтік-психологиялық мəселелер - балалар арасында толыққанды қарым-қатынастың (73,8%) жəне мектеп тарапынан тəрбие жұмысының (68,9%) болмауына алаңдайды.
Балаларды вакцинациялау мəселесі қоғамда талқылануда - көпшілігі (77,8%) балаларын коронавирусқа қарсы вакцинациялауға дайын емес.
Оның 27,9%-ы - балалар мен ересектерді вакцинациялауға үзілді-кесілді қарсы.
Сонымен бірге респонденттердің 49,9%-ы дəл осы балаларды вакцинациялауға қарсы болса, ересектерді вакцинациялауды міндетті деп санайды. Ата-аналардың балаларын вакцинациялаудан бас тартуының негізгі себептері - елдегі вакциналарға деген сенімнің болмауы (42,9%) жəне балаларға сəтті сынақтан өткен вакцинаның болмауы (38,2%).