Ата-аналар: Ойын алаңы тар, балалар кең жер іздеп кетеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда әкімдігі 25 қабаттан тұратын "Эгалите" тұрғын үй кешенінің жанындағы сүрілген жатақхана орнына балалар алаңқайын емес көпқабатты үй салмақшы. Бұл іске жергілікті тұрғындар наразы екендіктерін жеткізді.
Менің бұл жерде тұрғаныма 9 жыл болды. Көлік қоятын орын жоқ. Кешке бұл маң көлікке лық толады. Жұмыстан сәл кешігіп шықсаң, көлігіңді қоярға жер таппайсың. Үш үйде 690 пәтер бар. Бір тұрғын үйден шамамен 100 бала шығады. Үш үйді қосқанда 300 бала. Үш тұрғын үйге ортақ кішкентай ғана балалар ойнайтын жер бар. Үйдің шет жағында футбол ойнайтын жер бар. Бірақ ол жерде жасөспірімдер мен ересек адамдар спортпен шұғылданады, - дейді тұрғын Райхан Макина.
Ол балалар ойнайтын алаңқай өте қауіпті екенін айтты.
Бұл жерде бүлдіршіндерге қауіпті. Себебі, көлік көп жүреді. Балаларды далаға жіберіп уайымдап отырамыз. Үлкен адамның бақылауында болуы қажет. Бала жоғалу қауіпі де бар. Ойнайтын алаң тар болған соң,балалар кең жерді іздеп кетіп қалады. Өткенде бір бала жоғалып кетіп бәріміз іздеп таптық. Үйдің жанында жатахана болған. Оны бұзып тастады. Орнына саябақ салып, балалар ойнайтын алаңқай салады деп қуанып жүргенбіз. Бірақ әкімдік жатақхананың орнына тағы көпқабатты үй салмақшы. Бұл маңайда мектеп те жоқ. Тұрғын үйді толтыра бергенше, халықтың жағдайын жасап,балаларға қазақша мектеп ашса деген үмітіміз бар. Ең болмаса саябақ салса жақсы болар еді. Бұл жерге құрылысшылар келмей тұрғанда осы мәселені шешіп алайық дегенбіз,-дейді Райхан Макина.
Халықтың басты мәселесі қыс айларында басталады. Қыста тұрақ жоқ болғандықтан көліктер ретсіз орналасады екен. Сондықтан қар күреу өте қиын. Бұл туралы Эгалите тұрғын үйінің тұрғыны Надежда Киселёва айтты.
Бұл жерде тұрғындар өте көп. Ауламыз өте тар. Машина қоятын тұрақ жоқ. Үш тұрғын үйге бір ғана балалар ойнайтын алаңқай. Егер өрт шыға қалса, әсіресе түнде, біздің үйге жету қиын. Егер қыста жедел жәрдем көлігі тұрғындарға қажет болса ол да келе алмайды. Өйткені, тұрағы жоқ болғандықтан ретсіз орналасқан машиналарды айналып өту тым қиын. Сондықтан жатахананың орнына машина тұрағын не саябақ салуды сұраймыз,-дейді Надежда Киселёва.
Аядай ғана жерде үш тұрғын үй мен кішкентай алаң ғана бар. Тротуар мен аула да жоқ. Жатахананың орнына үй салынса тұрғындарға кедергі болары анық.
Осы 16 қабатты үйді салғанда астында паркинг болады деген. Бірақ бұл құр уәде болып шықты. Қарт кісілердің сұрауы бойынша кішкентай болса да балаларға ойын алаңы салынды. Бес қабатты екі үйді бұзып, орнына саябақ салады деп үміттеніп жүргенбіз. Бұл қуанышымыз су сепкендей басылды. Үш үйдің тұрғындары болып қала әкіміне хат жолдағанбыз. Бірақ бізге жауап келмеді,-дейді "Эгалите" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Бүркітбай Қоңырат.
Раушан НҰРҒАЛИЕВА