Ата-ана баласы баға үшін емес, сапа үшін оқуы керегін түсіне бастады – блогер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде қашықтан оқыту басталғалы балалар сабақты өз бетімен орындап, уақыттарын дұрыс ұйымдастыруды үйренді.

Бұл туралы танымал блогер Алмас Тоқабаев ҚР Білім және ғылым министрлігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында өткен онлайн-конференцияда айтты.

Блогер министрлік өкілдерімен, қоғам қайраткері, мұғалім, ата-аналармен өткен жиында мектеп жасындағы үш баласы бар әке ретінде қашықтан оқыту жүйесі бойынша өз ой-пікірін білдірді.

Қазір үш балам бір мектепте оқыса да, үшеуі әр түрлі әдіспен оқиды. Мысалы, 1-сыныптың баласына мұғалімі сабақты түсіндіріп, арнайы видео жазып жібереді. Ал 3, 4-сынып оқушылары "Bilimland.kz"-те жеке кабинеттерінде жүктелген тапсырмаларды орындап, мұғалімге жібереді. Мұғалімі бағасын "Kundelik.kz"-ке жүктеп қояды. Бала жүйеге кіріп, алған бағасын көргеннен кейін өз бетімен оқу керек екендігін, мектепке бармаса да, мұғалімнің бақылауында екенін жақсы түсінді. Елімізде қашықтан оқыту басталғалы балалар сабақты өз бетімен орындап, уақыттарын дұрыс ұйымдастыруды үйренді,- дейді Алмас Тоқабаев.

Сондай-ақ, блогер қашықтан оқыту басталғалы ата-аналар баласы баға үшін емес, сапа үшін оқуы керек екенін түсіне бастағандығын айтты.

Конференция барысында Алмас Тоқабаев министрлік өкілдеріне: 

Назарбаев университеті, КБТУ, KIMEP сияқты университеттерде шет мемлекеттен келіп білім беретін танымал ғалымдардың лекцияларын басқа қалалардағы студенттер де көре алатындай қолжетімді болса,- деген ұсынысын жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы