Асық ойнаған озар...

Ақтөбе облысында асық ату спортына ерекше көңіл бөлініп, бүгінде болашақ чемпиондар тәрбиеленуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Үш жылдың жемісі

Асық ойыны — баланың кішкентайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке тәрбиелейтін ертеден келе жатқан ойын түрі. Балалар көше-көшеде шуласып ойнайтын асық ойыны бүгінде қайта жаңғырып өз алдына спорт түрі болып қалыптасты.

Ақтөбе облысында бұл спорт түрі ерекше дамып келеді. Бұл ретте 2022 жылы Асық ату федерациясының Ақтөбе облыстық филиалы ашылып, қазір мұнда ондаған спорт шебері тәрбиеленуде.

Спорт саласының жанашыры, “Спорт жұлдыздары” республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев осыдан үш жыл бұрын облыста Асық ату федерациясының өңірлік филиалының ашылуына зор еңбек сіңірді. Алғаш рет жарыстар ұйымдастырып, ауыл-аймақтан асық ойынына құштар, епті жастарды қатыстырды. Осылайша филиалды басқарып, ұлттық спорттың дамуына ерекше үлес қосты.

Мұсағали Тасқалиевтің айтуынша, құрылғанына үш жыл болса да өңірде асық ату ойыны жақсы дамып келеді. Бүгінде екі ойыншымыз Ұлттық құрамаға мүше болып отыр. Оның бірі Саят Қалқабай болса, екіншісі - Диляра Қалабай.

Жастар арасында бүгінде облысымыз бойынша Ақтөбе қаласында, Шалқар, Ырғыз, Хромтау, Мұғалжар, Ойыл, Байғанин аудандарында асық спорты жақсы дамып келеді. Басқа аудандарда бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек.

Бүгінде Ұлттық құрамаға лайықты осы аудандардан шыққан үлгілі ойыншыларымыз бар. Жалпы, Ақтөбе өңірінде асық ату спорты кеш дамыды. Соған қарамастан үш жыл ішінде біраз жетістікке жеттік. Негізі асық ату ойыны Астана, Түркістан, Шымкент, Павлодар қалаларында 2010 жылы дамытыла бастады. Қазір бұл өңірлерде асық ату спорты күшті дамып отыр. Біздің облыстан бүгінде екі жас Қазақстан құрама командасында мүше болса, Ғарышбек деген жерлесіміз үміткер болып тіркелді. Былтыр еліміз бойынша біздің облыста алғаш рет “Алаш сақасы” атты турнир ұйымдастырылды. Биыл Павлодар қаласында бұл турнир екінші рет өткізіледі. Оның чемпионаттан ерекшелігі — әр облыстан үздік екі спортшыдан қатысады. Онда кіл мықтылар жарысады. Болашақта бұл турнирді “Қазақ барысы” секілді ұлттық брендімізге айналдырамыз деген үміттеміз, - дейді М.Тасқалиев.

Оның айтуынша, биыл 24-28 наурызда Тараз қаласында асық ату ойынынан республика бойынша алғашқы жарыс өтеді. Сондай-ақ тамыз айында Ақтөбе қаласында жастар арасында Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады. Оған ұлттық құрама мүшесі Саят Қалқабай қатысады. Қазір ақтөбелік спорт жанашырлары осы жігітке үлкен үміт артып отыр.

Жалпы, Ақтөбе облысынан бүгінге дейін асық атудан ел чемпионы шыққан жоқ. Дегенмен осы күнге дейін көп жетістікке жетті. Атап айтсақ, былтыр облыс құрамасы әр түрлі жас ерекшеліктері бойынша 5 Қазақстан чемпионатына қатысты. Облыс оқушылары ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңдері мен гимназиадасында табысты өнер көрсетті. Сонымен қатар федерация 4 облыс чемпионаты мен бірнеше турнир өткізді. 2024 жылы Асық атудан Ақтөбе облысының аға жаттықтырушысы Аян Амантаев спорт шеберлігіне үміткер атанса, Байғанин ауданы Ноғайты ауылының асықшылары Балауса Қойшыбаева мен Хиуаз Ыбраймова оқушылар арасында облысымыздан шыққан тұңғыш спорт шеберлігіне үміткерлер атанды. Сонымен қатар Астана қаласында 7-8 сынып оқушылары арасында өткен ұлттық мектеп лигасында Айнұр Бұхарбаева “Ұлттық мектеп лигасының үздік төрешісі” атағына ие болды. Асық атудан жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы Әсия Шамырханова спорттық төреші атанып, қатарымыз төрешілермен толыға түсті, - дейді М.Тасқалиев.

Оның айтуынша, Ақтөбеде өткен “Алаш сақасы” турнирінде облыс намысын 4 асықшы қорғап, олардың арасында Ғарышбек Құлыбек сенсация жасап, финалға шыққан. Осылайша ол облыс тарихында тұңғыш рет өткен доданың күміс жүлдегері атанған.

Сондай-ақ былтыр мамыр айында Астана қаласында өткен 2014-2016 жылдары туған балалар арасындағы Қазақстан чемпионатында Байғанин ауданы Ноғайты ауылының ойыншысы Балауса Қойшыбаева бес асықтан тұңғыш Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Хиуаз Ыбраймова чемпионат аясында өткен “Зерек” республикалық турнирінің жеңімпазы болды. Жаттықтырушылары - Аманбек Мыңбай мен Айбар Сәрсен.

Былтыр еліміз бойынша бірнеше облыста асық атудан түрлі чемпионаттар, жарыстар өтті. Сол додаларда облысымыздан шыққан ойыншылар Мәди Ахметов, Айнұр Бұхарбаева, Әсия Шамырханова, Үміт Жақсылыққызы, Жеңіс Бошымова, Еркін Омарғалиев, Айдар Балмағамбетов, Жансерік Көлденов, Талғат Мұқыжанов, Сағымбек Мінайда, Анар Сағынова, Мадияр Ільясов, Бердібек Жанпейісов, Асылжан Ұзақбай, Жазира Сырлыбай, Айару Қожахмет, Жұпар Сейтжаппар, тағы басқалар жүлдегерлер атанды. Сондай-ақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен “Ержи батыры” республикалық турнирінде сол кездегі федерация президенті Әбілқайыр Сотқаров басшылар арасында қола жүлдегер болса, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрамында Нұрбек, Нұрлан Байниязовтар мен Өмірбек Алқанбай бар командамыз жеңімпаз атанды. Жекелей сында Нұрбек Байниязов алтыннан алқа тағынса, Өмірбек Алқанбай қола иеленді. Бес асықтан Гүлнұр Әнесқызы екінші орынға ие болса, Карина Молдахажаева үшінші сатыдан көрінді, - дейді ол.

Асық ату ойынына бүгінде Ақтөбе облысындағы балабақшаларда да ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы “Жәнібек”, “Күншуақ”, “Бұлбұл” балабақшаларында жыл сайын “Ұлттық ойын – ұлт қазынасы” тақырыбында бесатардан қалалық турнирлер өткізіледі.

Жалпы, былтыр ақтөбелік ойыншылар жылды сәтті аяқтады. Жыл соңында Алматы қаласында өткен “Жыл үздігі” марапаттау рәсімінде Асық ату Федерациясының Ақтөбе облыстық филиалы Қазақстан бойынша “үздік” деп танылса, Ғарышбек Құлыбек “Жылдың үздік асықшысы” атанды.

Айта кету керек, Ақтөбе облыстық филиалын былтыр Әбілқайыр Сотқаров басқарса, биылдан бастап Елтай Өтеғұлов басшылық етеді.

Саят - Ұлттық құрама мүшесі

Саят Қалқабай асық атудан өткен чемпионаттарда бес рет жүлдегер атанған. Оның бұл спортқа келуіне ауылдағы ұстаздары ықпал еткен.

-Менің туған жерім - Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құрылыс ауылы. Қазір Ақтөбе монтаж колледжінде оқимын. Жалпы асық атумен айналысқаныма 6-7 жыл болды. Кішкентай кезімнен бастап асық ойнап келемін. Бұл ойынға менің қызығушылығым ерекше болды. Соны байқаған ұстаздарым маған осы спорт түріне баулыды. Соның нәтижесінде, міне, бүгінде Ұлттық құраманың мүшесі болып отырмын. Асық атудан бөлек, футбол ойнағанды жақсы көремін, - дейді ол.

Саяттың болашақ мамандығы — дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ол оқу орнын тәмамдаған соң ауылдық мектептерде асық ату мен күресті дамытқысы келеді. Өзі сияқты икемді, спортқа жаны құштар жастарды тәрбиелегісі келеді. Әсіресе, ауылдық жерлерде секциялар жұмысын дамытуға бар күш-жігерін жұмсамақ.

- Қазір жылдан-жылға ауылдарда да ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ауыл мектептерінен шығып жатқан спортшылар көп. Мен оқыған Бәймен Алманов атындағы орта мектепте асық ату, қазақша күрес сияқты ұлттық спорттан алға шығып, топ бастап жүрген жастар жетерлік, - дейді Саят.

Кәсіпқой ойыншы

Көп жылдан бері асық иіріп жүргендердің бірі — ақтөбелік ойыншы Ғарышбек Құлыбек. Оның бұл спортқа келуі де қызық. Әлеуметтік желі арқылы хабарландыруды оқып, содан өңірлік чемпионатқа қатысқан ол кейін көп ойыншының арасында жүлдегер атанған. Содан бері асық атудан ересектер арасында республикалық, облыстық жарыстарға қатысып, ақырында кәсіпқой ойыншы болған. Қазір ол “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ инженер-диспетчер болып жұмыс істейді. Тұрақты түрде асық атумен айналысқанына бір жарым жыл болыпты.

- Негізі асықты бала кезден бастап ауылда жақсы ойнадым. Содан қалған мергендік қасиетім бар. Туған жерім — Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Ырғыз селосы. Біздің өңірде балалар асық атуды жақсы көреді. Асық жинайтындар да бар. Бүгінге дейін осы ұлттық спорт түрінен жеткен жетістігім жетерлік. Атап айтсам, 2023 жылы ересектер арасында Ақтөбе қаласында өткен облыс чемпионатында 1-орынды иеленсем, сол жылы Қазақстан Республикасы кубогында команда болып 3-орынды жеңіп алдық. Бұл жарыста команда құрамында 3 адам ойнадық, мен 9 облыстың ойыншысын ұттым, - дейді Ғарышбек.

Былтыр кәсіпқой ойыншы облыстық ашық чемпионатта — 1-орынды, республикалық “Алаш сақасы” турнирінде — 2 және 3-орынды, республикалық ашық турнир аясында өткен облыстық іріктеуде — 1-орынды, Астана қаласында ұйымдастырылған республикалық ашық турнирде — 3-орынды, сондай-ақ Көкшетауда өткен ҚР чемпионатында 3-орынды иеленген.

- Асық ату спорты біздің өңірімізде кештетіп қолға алынды. Соған қарамастан асық иіріп жүрген талантты жастарымыз көп. Меніңше, елімізде ұлттық спорт түрлерін көбейтіп, олардың әсіресе ауыл-аймақтарда дамуына жағдай жасауымыз керек. Қазір асық атуға құштар балалар жетерлік. Бұл қазақ халқының қанына сіңген өнер болғандықтан, өзге спорт түрлеріне қарағанда қашан да бәсі биік тұрады. Менің осы салаға келіп, асық атуды кәсіби тұрғыда қолға алғаныма қуанамын, - дейді Ғарышбек.

Шәкірті көп ұстаз

Хромтау ауданы Хромтау қаласындағы №3 орта мектептің мұғалімі Надежда Жақсылыққызы бірнеше жылдан бері оқушыларға бес асық ойынын үйретіп келеді. Бүгінде оның 7 мектепте 100-ге жуық шәкірті бар. Ол бес асықтан үйірме жүргізеді. Бүгінде “Спорт төрешісі” атағын иеленген. ҚР чемпионаттарында, басқа да жарыстарда төрешілік етеді.

- Асық ату ойыны балалардың мергендік қасиеттерін ғана емес, жылдам шешім қабылдау қабілеттерін де шыңдайды. Бұл ойынның тағы бір ерекшелігі – әр баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға зор үлес қосады. Ал бес асық ойыны – қойдың асықтарын пайдаланып, балалардың көздеу, дәлдік және қашықтықты межелеу қабілетін дамытады. Бұдан бөлек, ұл-қыздарымыздың тату-тәтті болып, еркін қарым-қатынас қалыптастыруына ықпал етеді. 11-15 наурызда біз Астана қаласында өткен республикалық “Алтын сақа” олимпиадасына қатысып қайттық. Осы додада шәкіртім Жұпар Сейтжаппар блиц-турдан, яғни жекелей жарыста 1-орынды жеңіп алса, тағы бір оқушым Дильназ Тұралы бес асықтан 2-орынды иеленді. Сондай-ақ осы жарыста Жәмила Абылайханова арнайы мадақтамаға ие болды, - дейді ол.

Өз ісіне берілген, жан-жақты педагог бүгінге дейін көп жетістікке жеткен. Атап айтсақ, ол 2022 жылы бес асықтан республикалық “Қазақстан кубогі” жарысында үздік ойыншы атанса, былтыр республикалық мұғалімдер спартакиадасында 1-орынды иеленген.

Сонымен қатар 2024 жылы ардагерлер арасында бес асықтан өткен Қазақстан чемпионатында блиц-турдан 1-орынды жеңіп алған. Ал биыл облыстық қысқы Президенттік көпсайыстан 2-орынға ие болыпты.

Надежданың шәкірттері өзінен асып түседі. Оның тәрбиелеген қыздары бес асықтан республикалық, облыстық додаларда жүлдегер атанып, бүгінде ел ішінде танымал болып үлгерді. Мәселен, шәкірті Жұпар Сейтжаппар 2024 жылы республикалық гимназиядада бес асықтан блиц-турда 1-орынды, Дильназ Тұралы 2008-2010 жылғы оқушылар арасында өткен облыстық бес асық чемпионатында 1-орынды иеленді.

- Былтыр облыс көлемінде 7-8, 9-11 сынып оқушылары арасында өткен Ұлттық мектеп лигасында оқушыларым бес асықтан 1, 2, 3 орынды иеленсе, биыл облыстық “Алтын сақа” олимпиадасында Дильназ Тұралы деген оқушым 2-орынға ие болды. Мен үшін оқушыларымның жеткен жетістігі — менің жетістігім, олардың қуанышы — менің қуанышым, - дейді ол.

 

3 мың асығы бар шебер

Ақтөбелік Ерболат Қуанышевтің хоббиі — асық жинау және сүйектен бұйымдар жасау. Ол он жылдан астам уақыттан бері асық жинап келеді. Бүгінде оның шеберханасында 3 мыңнан астам асық бар. Оның барлығы — ірі асықтар.

- Асықтарды жинап, содан кейін қазанға 4-5 сағат қайнатамын. Майы алынған соң, бірқатарын бояймын. Қазір 300-ден астам асықты қынамен бояп қойдым. Осыған дейін бұл асықтарымды жарыс ұйымдастыратын мекемелер алып пайдаланды. Қазір шеберханамда олардың санын көбейтіп, жинап жатырмын. Мақсатым — Гиннестің рекордтар кітабына ену, - дейді шебер.

Кейіпкеріміз асық жинаудан бөлек малдың сүйегінен түрлі бұйымдар да жасайды екен. Оның қала шетінде шаруашылығы бар. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен де айналысады.

Ұлттық бұйымдарымызды насихаттап жүрген ел ағасы қазір кәдесыйларға тапсырыс та қабылдайды.

Ерболат Қуанышев — отбасында төрт бала өсіріп отырған әке. Ол қолы қалт еткенде ұлдарына асық өңдеуді, сүйектен бұйымдар жасауды үйретеді. Ұлдары асық ойнауды да меңгерген. Қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық киімдеріне ерекше құрметпен қарайтын кейіпкеріміз аң терілерінен түрлі киімдер де тігеді.

Қолөнер шеберін биыл облыстық мәдениет басқармасы Наурыз мерекесіне арнайы шақырыпты. Осы іс-шараға ол өз қолымен жасаған дүниелерін апарып, көрме ұйымдастырмақ.

Р.S. Бүгін елімізде “Наурызнама” тұжырымдамасы аясында Ұлттық спорт күні атап өтілуде. Барлық өңірлерде ұлттық спорт түрлерінен, оның ішінде асық атудан түрлі жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Ақтөбе облысында да бірқатар мерекелік шаралар мен жарыстар өткізіліп, ұлттық спортты насихаттап жүрген спортшыларымыз ұлықталды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ кейіпкерлердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы