Асыл тұқымды жылқы асырағандарға мемлекеттен субсидия беріледі
Асыл тұқымды жылқы асыраушылар мемлекеттен субсидия ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын өзгертті.
Мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту үшін жағдай жасау мақсатында Қағидаларға жылқы шаруашылығы бойынша 3 жаңа бағыт енгізілген:
асыл тұқымдық орталықтардың шет елдік селекцияның мініс бағытындағы асыл тұқымды тұқымдық айғырларды сатып алу;
мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарының асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу;
Қазақстан Республикасының аумағында өсірілген мініс және мініс-жегін жылқылар тұқымдарының асыл тұқымды мал басын күтіп-бағуға жұмсалған шығындарды өтеу.
Сондай-ақ енгізілген өзгерістерге сәйкес, Республикалық маңызы бар қалалардың аумақтарында, оның ішінде Шымкент қаласында орналасқан тауар өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы елді мекендердің жер санатын көрсете отырып, субсидиялар алуға өтінім бере алады. Бұдан басқа, азық тапшылығы байқалатын Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Ұлытау облыстары сияқты шөлейттенген өңірлерде орналасқан барлық шаруашылықтар үшін азықты субсидиялау жөніндегі төтенше жағдайлардың шарттарын алып тастау енгізілді, – деп жазылған мәліметте.
Бұйрық 2024 жылдың 14 қазанында күшіне енді.