Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңға қандай түзетулер енгізілді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға түзетулер енгізіліп, Сенат қарауына жіберілді.  

Заң жобасындағы түзетулер өсіріліп отырған мал тұқымдарының генетикалық әлеуеті мен өнімділігін арттыру, олардың бас санын ұлғайту мақсатында селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты дамытумен байланысты. Бұл түзетулерге қатысты Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Асқарбек Үйсімбаев баяндады. 

Жұмыс тобы асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер: асыл тұқымдық орталық, асыл тұқымды малдың ұрығы мен эмбриондарын өткізу жөніндегі дистрибьютерлік орталық, сондай-ақ бонитер, техник-ұрықтандырушы және эмбриондарды транспланттау жөніндегі маман қызметінің хабарлама жасау тәртібін сақтау туралы шешім қабылдады, - деді ол. 

Комитет мүшесі қажетті материалдық-техникалық базаның болуына, тиісті мамандардың біліміне қойылатын талаптар төмендетілгенін айтты. Сонымен қатар, аталған мамандар тұрақты негізде оқыту және біліктілікті арттыру курстарынан өтуге міндетті болады, бұл олардың үздіксіз кәсіби тұрғыдан дамуына ықпал етеді. 

«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заң әлемдік практикада жер-жерде пайдаланылатын малға молекулярлық генетикалық сараптама жүргізу және геномдық бағалауды жүзеге асыру жөніндегі нормалармен толықтырылды. Бағалаудың осындай озық әдістерін енгізу табынның өсімін одан әрі молайту және қажетті селекциялық өлшемдерге ие төл алу үшін перспективалық дарақтарды ерте кезеңде іріктеп алуға мүмкіндік береді, - деді Асқарбек Үйсімбаев.

Малдың өнімділігі мен асыл тұқымдық қасиеттерін арттыру үшін заң жобасында асыл тұқымдық ұрық пен эмбриондарды пайдалану мен өткізуге қатысты нормалар да регламенттелген. Заң жобасында асыл тұқымды малмен қатар, асыл тұқымды емес, бірақ селекциялық процеске тартылған малды есепке алу нормалары көзделген. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Егемен Қазақстан
Өзгелердің жаңалығы