Асыл тұлғалардан шабыт ал

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еуропалық Одақтың қолдауын тапқан «Асыл тұлғалардан шабыт ал» атты жоба авторларының бірі Сабина Абатова жобаның маңыздылығы туралы хабарлады. 

Оның айтуынша, ауқымды жобаның өз қызметі, ұстанымы бар. 

«Айшолпан» – халықаралық мәдени-ағарту жобасы болып табылады. Жасөспірім қыздар үшін арнайы ұйымдастырылған. Өткен жылы осындай бағдарламамен жоба өткіздік. Қараша айында «Асыл тұлғалардан шабыт ал» деген атаумен кітаптың тұсауын кестік. Басылымда Еуропа мен Қазақстанның 28 көрнекті әйелдерінің бейнелері мен өмірі ұсынылған. Сонымен қатар былтыр Дина Нұрпейісованың мерейтойы болды. Екіншіден, ол өзінің музыкалық жанры бойынша алғаш болып жол салушылардың бірі екені белгілі. Осылайша, жас қыздарға шабыт сыйлап, ұрпақты тәрбиелейтін құнды дүние ұсынғымыз келді, - деп ағынан жарылды Сабина Абатова. 

Сондай-ақ жоба идеясы Махаббат Есен, Сабина Абатова мен Назира Өтеповаға тиесілі. Ал суретші-иллюстратор ретінде Әсем Кеңесова еңбек еткен. 

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған көрме ашылғаны туралы жазған болатынбыз. Көрме Еуропалық Одақтың қолдауымен «Айшолпан» жасөспірім қыздарға арналған жобасы аясында жарық көрген «Асыл тұлғалардан шабыт ал» кітабына арнайы жасалған. Ашылу салтанаты аталмыш кітаптың екінші басылымы таныстырылды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бақытжан БАТЫРХАНҰЛЫ
Өзгелердің жаңалығы