"Асыл арман" тұрғын үй кешеніне тегін азық-түлік жеткізіле бастады

Алматы, BAQ.KZ.  Қарасай ауданында карантиндегі "Асыл арман" ТК тұрғындары әкімдіктен тегін азық-түлік тауарларын ала бастады.  Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес кеше карантиндегі тұрғын үй кешенінде тұрғындармен жиын өткіздік. Кездесу барысында бірінші кезекте біз азық-түлікке өте мұқтаж адамдарды анықтадық. Өйткені карантиннен бөлек тұрғындардың көпшілігі жұмыссыз қалды. Оған қоса алдағы уақытта шешімі қарастырылатын бірқатар тұрмыстық мәселелер талқыланды, - дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев. 

Сонымен қатар, ол азық-түліктен бөлек тұрғын үй кешеніне 10 мыңдай бір реттік маскалар тегін таратылғанын айтты. Алғашқы азық-түлік пакеттері бүгін 1215 адамды қамтитын 240 пәтерге берілген.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бірінші кезекте көп балалы, аз қамтылған отбасылар, мүгедектер, қарт адамдар және жұмыссыз қалғандар сияқты халықтың  әлеуметтік әлжуаз топтары ескерілді. Тұрғын үй кешеніне азық-түлік тарату ісіне кешенде тұратын тұрғындар арасынан шыққан волонтерлар белсенді қатысуда. 

Жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Біз жұмыссыз қалдық, өмір сүруге керекті қажеттіліктерге зәруміз. Уайымдай бастап едік, бірақ әкімдік бізді қиындықта жалғыз қалдырған жоқ. Қолдап, көмек көрсетіп жатыр, - деді "Асыл арман" ТК тұрғыны Александр Цой. 

Атап өтсек, тұрғындардың көпшілігі үйлерін ипотекамен алғандықтан, жергілікті билік ипотека төлемінің мәселесін қарастыруда. 

Бұл мәселе әр жағдайды жеке-жеке алып қарастырылатын болады, - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев. 

Сол сияқты ТК тұрғындары карантин аяқталғаннан кейін "Жұмыспен қамту жол картасы" бойынша жұмысқа тұра алатындығы да айтылды. 

Қолдаудың қосымша шараларының арқасында жұмыстан шығып қалған және жұмыссыз азаматтар үшін 68 мың жұмыс орны ашылатын болады. Мәселен, "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамту шараларымен 22 мың адамды қамту жоспарланған. Жұмыс орындарын құруда Мемлекет басшысының Жұмыспен қамту жол картасына 1 трлн. теңге бөлу туралы шешімі зор ықпал етеді. Сол қатарда біздің облысқа 109,2 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 22,8 мың жұмыс орнын құратын 977 жоба жүзеге асырылмақ, - делінген хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы