22 Қараша 2026, 10:17 Фото: Chris Unger/Zuffa LLC

Асу Алмабаев UFC-де Киоджи Хоригучиге есе жіберіп, жеңіліс тапты

Жапониялық файтер үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, Алмабаевтың үш жекпе-жектен тұратын жеңіс сериясын үзді.

Қазақстандық файтер Асу Алмабаев Дохада өткен UFC Fight Night турнирінде жапониялық Киоджи Хоригучиге жол берді. Жеңіл салмақтағы жекпе-жек үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Хоригучи жеңіске жетті.

Алмабаев жекпе-жекте күреске басымдық беріп, қарсыласын бірнеше рет партерге түсірді. Қазақстандық спортшы жерде Хоригучиді бақылауда ұстағанымен, айтарлықтай соққы жасап, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтай алмады.

Ал тік тұрып жұдырықтасуда жапониялық файтер басым болды. Ол қашықтықты тиімді сақтап, соққыларын дәл жеткізді. Нәтижесінде төрешілер жеңісті Хоригучиге берді.

Кездесу алдында Алмабаев UFC рейтингінде жеңіл салмақ дәрежесі бойынша жетінші, ал Хоригучи бесінші орында тұрған. Қазақстандық спортшы бұл жекпе-жекке кәсіби мансабындағы 24 жеңіс және үш жеңіліспен келді. UFC ұйымында өткізген сегіз кездесуінің жетеуінде жеңіске жеткен еді. Бұған дейін промоушендегі жалғыз жеңілісін 2025 жылғы наурызда Манель Капеден алған.

Хоригучиден жеңілгеннен кейін Алмабаевтың кәсіби рекорды 24 жеңіс пен төрт жеңілісті құрады. UFC-дегі көрсеткіші – жеті жеңіс, екі жеңіліс.

Бұл жеңіліс қазақстандық файтердің қатарынан үш рет жеңіске жеткен сериясын да тоқтатты. Бұған дейін ол Хосе Очоаны, Алекс Пересті және Чарльз Джонсонды жеңген болатын.