Астық жинау: Төрт өңірде егіннің 95%-дан астамы жиналды
Елімізде мақта жинау жалғасып, бірқатар өңірде астық науқаны аяқталуға жақын.
Қазақстанда майлы дақылдарды жинау қарқыны артып келеді. Қазірдің өзінде 2,4 млн гектар алқаптан 2,4 млн тонна өнім жиналды. Жыл қорытындысы бойынша майлы дақылдардан 5 млн тоннадан астам өнім алу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, елде көкөніс, бақша дақылдары мен картоп жинау жұмыстары да жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша дақылы және 2,5 млн тонна картоп жиналған.
Сонымен қатар биыл 173,5 мың гектарға егілген мақтаны жинау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта орташа өнімділік гектарына 32 центнерді құрап, 70,5 мың тонна шитті мақта жиналды.
Мақта шаруашылығында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп жатыр. Соңғы екі жылда тамшылатып суару қолданылатын мақта алқабы 3 мың гектардан 80 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді, – деді Азат Сұлтанов.
Бірқатар өңірде астық жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Батыс Қазақстан облысында егін жинау толық аяқталды. Ал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында астықтың 95%-дан астамы жиналды.
Қазіргі уақытта егін жинау жұмыстарының басым бөлігі негізгі астық егетін өңірлерде жүргізіліп жатыр. Жалпы, егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде өтіп, аяқталу кезеңіне жақындады.