Астық экспортындағы жүктеме артты: Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен шешім әзірлейді

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерінің қатысуымен Орталық Азия елдеріне астық тасымалдауды ұйымдастыру мәселелеріне арналған жедел кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы 11 айында аймақ елдеріне жөнелтілген астық көлемі 5,6 млн тоннаға жеткен. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға көп.

Тек қараша айының өзінде экспортқа 1,2 млн тоннадан астам астық шығарылып, соның 700 мың тоннасы Орталық Азия бағытына жіберілген.

Соңғы айларда бұл бағыттағы жөнелтім көлемінің өсуі Өзбекстандағы қабылдау терминалдарының шамадан тыс жүктелуіне әкелгені атап өтілді. Салдарынан екі елдің көлік әкімшіліктері арасында жедел келісімдер мен ортақ шешімдерді қажет ететін жағдай қалыптасты.

Өзбекстан тарапының өткізу мүмкіндіктері мен өңдеу қуаттылығын ескере отырып, астық экспортын тиімді ұйымдастыру мақсатында 8–9 желтоқсанда Сарыағаш және Ташкент қалаларында Өзбекстан темір жол әкімшілігімен бірлескен кеңес өткізу туралы шешім қабылданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы