Бүгiн 2026, 10:00 Фото: airwar.ru

Астрономия білсеңіз, астрологияға сенбейсіз – астрофизик пікірі

Ғалым өмірдегі мәселелер бір санмен немесе бір болжаммен шешілмейтінін айтады

Бүгінде қоғамда астрология мен нумерологияға сенетіндер аз емес. Алайда бұл бағыттардың ғылыми негізі жоқ. Назарбаев университетінің оқытушысы, астрофизик Бекдәулет Шүкірғалиев мұндай болжамдарға сенетіндерді оқуға, білім алуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғалымның айтуынша, жалған ғылыми түсініктердің кең таралуы – халық арасында нақты ғылым туралы білімнің жеткіліксіздігінен туындайды.

Астрофизик қарапайым астрономиялық білімнің өзі адамдарды жалған ақпараттан қорғай алатынын атап өтті.

Бүгінде адамдар кейде жалған ғылымдарға, мысалы астрология немесе нумерологияға сеніп жатады. Алайда бұлар – ғылыми негізі жоқ, көбіне алаяқтық сипаттағы бағыттар. Мұны түсіну үшін адам ең болмаса қарапайым деңгейде астрономияны білуі керек. Сонда ол мұндай жалған ақпараттарға алданбайды, - дейді ол.

Ғалым сөзінше, халыққа ғылымды түсіндіру маңызды міндет болып отыр. Егер адам білімді болса, ол ешқандай “жұлдыз жорамалына” немесе “сан арқылы тағдыр өзгертуге” сенбейтінін айтады.

Ғалым астрологияның қазіргі ғылыммен сәйкес келмейтінін нақты мысалмен түсіндірді.

Астрология өте көне есептеулерге негізделген. Астрологтар қолданатын деректер екі мың жыл бұрынғы аспан картасына сүйенеді. Ал бүгінгі аспан мүлде өзгерген. Сондықтан олардың есептері қазіргі ғылыми бақылауларға сәйкес келмейді. Демек, астрология – ғылым емес, жаңартылмаған ескі түсінік, - деді ғалым.

Астрофизиктің сөзінше, нумерология да нақты ғылым ретінде қарастырылмайды.

Нумерология белгілі бір күнтізбеге ғана сүйенеді. Бірақ күнтізбелер әртүрлі: ай күнтізбесі, күн күнтізбесі және тағы басқалары бар. Егер күнтізбені өзгертіп есептесек, адамның “саны” да өзгеріп кетеді. Сонда тағдыр да өзгере ме? Әрине, жоқ, - дейді ғалым.

Сондай-ақ мұндай жалған бағыттарға адамдар адамдардың өзі сенгісі келеді екен.

Негізінде, адамдар мұндай нәрселерге сенеді, себебі олар үміт іздейді. Ал алаяқтар осы үмітті пайдаланады. Бірақ өмірдегі мәселелер бір санмен немесе бір болжаммен шешілмейді. Адам өзін дамытуы, білім алуы, көзі ашық болуы керек, - дейді астрофизик.

Айта кетейік, бұған дейін Назарбаев университетінің оқытушысы, астрофизик Бекдәулет Шүкірғалиев Қазақстанда да Айды зерттеуге қатысты жобалар бар екенін айтқан еді. Ғалым адамзаттың Айға қайта бет бұруын ғылым үшін жаңа кезең деп бағалады.