25 Қараша 2026, 12:30 Фото: facebook.com/aiat.sugirbai

«Астарында рушылдықтың белгілері бар». Депутат кәсіпорындарды ру атымен атауды тоқтатуға шақырды

Құрылтай депутаты Аят Сүгірбай кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарға қазақ рулары мен жүздерінің атауын беруге заң жүзінде тыйым салуды ұсынды. Ол бұл мәселені Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолдаған депутаттық хатында көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда түрлі шаруа қожалықтары, серіктестіктер, фирмалар мен кәсіпорындарды қазақ руларының атымен атау жиілеген.

«Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасының деректеріне сүйенген депутаттың мәліметінше, Қазақстанда қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Олардың басым бөлігі 1996-2005 жылдар аралығында тіркелген.

Аят Сүгірбайдың пікірінше, ру атауларын кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдардың атауында пайдалану қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әсер етуі мүмкін.

Ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес. Жекелеген кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарға ру атауларын берудің кеңінен таралуы қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл – жай ғана атау мәселесі емес, керісінше, болашақ ұрпақтың дүниетанымына тікелей қатысты мәселе, – деп айтты депутат.

Ол ру атауы берілген кәсіпорындардың қызметіне немесе өніміне қатысты сын айтылған жағдайда, бұл сол рудың басқа өкілдеріне де қатысты наразылық туғызуы мүмкін екенін атап өтті. Депутат мұндай жағдай руаралық араздыққа әкелуі ықтимал деп санайды.

Сонымен қатар Аят Сүгірбай қолданыстағы заңнамада ұйым атауларында ру атауларын пайдалануға тікелей тыйым салатын норма жоқ екенін айтты. Азаматтық кодексте заң талаптарына немесе қоғамдық моральға қайшы келетін атауларды пайдалануға шектеу қойылған.

Осыған байланысты депутат «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңдарға, сондай-ақ басқа да нормативтік актілерге тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.

Ол Әділет министрлігінен заңды тұлғаларды қазақтың ру-тайпаларының атауымен тіркеуге заң жүзінде тыйым салу мәселесін қарастыруды сұрады.