Астанда ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша кездесу өтті
Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым қоры «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша мамандандырылған диалог алаңын ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл кездесу – ғылыми институттар мен бизнес арасындағы үшінші диалог алаңы. «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Әбділдә Шаменов осындай іс-шараларды өткізудің практикалық әсерін атап өтті.
17 маусымда өткізілген соңғы «Технологияларды коммерцияландыру реакторының» нәтижесі бойынша 10 ғылыми жобаны бірлесіп іске асыратын бизнес-серіктестер табылды және жалпы 500 миллион теңгеден астам сомаға қосымша қаржыландыру тартылды. Бүгінгі күні әрбір жоба бизнес пен өндіріс тарапынан назарға алынады. Ал кездесудің қорытындысында экономиканың нақты секторындағы қазақстандық ғылымның жетістіктерін одан әрі масштабтау бойынша уағдаластық жасалады, – деді Әбділдә Шаменов.
Басқосу барысында ғылыми институттарға «Самұрық-Қазына» АҚ, «Атамекен» ҰКП, жер қойнауын пайдалану саласындағы бизнес ұйымдарының портфельдік компаниялары атынан әлеуетті бизнес серіктестерді тарту мүмкіндігі ұсынылды. Бұдан басқа ғылыми жобалар таныстырылды. Олардың ішінде – темір марганец кендерін және энергетикалық сапалы көмірді пайдаланумен ферросиликомарганецтің стандартты маркаларын өндіру, құрамында мұнайы бар қалдықтарды инновациялық технология бойынша өңдеу, автокөліктің газ шығарындыларында улы компоненттердің металл каталитикалық бейтараптандырғышын өндіруді ұйымдастыру, генераторларды әзірлеу, жасау және сериялық өндіру және т. б. бар.
Нәтижесінде бизнес-кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар арасында бірлескен қызмет туралы келісім жасалды. Іс-шара соңында «Ғылым қоры» АҚ мен De Montfort University Kazakhstan арасында меморандумға қол қойылды.